Хромтау желі ел игілігіне айналды

Бүгін, 14:45 / Túrkistan Gazeti

Ақтөбе облысында жел энергетикасын дамытуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе Хромтау ауданында бой көтерген жел электр стансалары өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып, электр тапшылығын азайтуға жол ашпақ. Миллиардтаған инвестиция тартылған бастаманың экономикаға тиімділігінен бөлек, экологиялық маңызы да зор.

Қазақстан  алдағы бес жылда жалпы қуа­ты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия ны­сандарын іске қосуды жоспарлап отыр. Осы міндет аясында Ақтөбе облысында, оның ішінде Хромтау ауданында жел энер­ге­тикасын дамыту қарқын алған.
Жел әлеуеті жоғары аумақта бірнеше жо­ба қатар жүзеге асырылуда. Қолданыстағы жә­не құрылысы жоспарланған стансалар то­­лық іске қосылған жағдайда, облыстағы жел энергетикасының белгіленген қуаты 746 ме­­гаватқа жетеді. Бұл – өңірдің энер­ге­ти­ка­лық жүйесін нығайтатын елеулі қадам.

90 миллиард теңгелік жоба

Хромтау ауданындағы ірі бастаманың бірі – қуаты 200 мегаватт болатын жел элек­тр стансасының құрылысы. Sungrow ком­па­ния­сының қатысуымен жүзеге асы­ры­лып жат­қан жобаның инвестициялық құны – 90 млрд теңге. Құрылыстың шамамен 80-90 пайы­зы аяқталған.
Стансада қытайлық Sany компаниясы шы­­ғарған 26 жел генераторы орнатылады. Әр турбинаның қуаты – 7,7 мегаватт. Өн­ді­ріл­ген электр энергиясын жалпы желіге жет­кізу үшін арнайы қосалқы станса са­лы­нып, KEGOC-тың «Өлке» қосалқы стансасына дейін ұзындығы 58 шақырымға жуық екі жо­ғары кернеулі электр желісі тартылады.

Sungrow Qurylys компаниясының сырт­қы байланыс жөніндегі маманы Бағдат Қожамұраттың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – өндірілген электр энергиясын Қа­зақ­станның бірыңғай электр энергетика­лық жүйесіне қосу.

– Стансада өндірілген электр энергиясы ар­найы қосалқы станса арқылы жоғары кернеулі желілерге беріледі. Осылайша, жаңа ны­сан елдің жалпы энергетикалық жүйесін то­лықтыруға үлес қосады, – дейді ол.

Жобаның өңір үшін берер пайдасы  аз емес. Есеп бойынша, Argest және Beta Wind стан­­салары толық қуатымен жұмыс істей бас­та­ғанда жылына шамамен 746 млн ки­ло­ват­т-са­ғат электр энергиясын өндіреді. Бұл – ке­мін­де 300-340 мың үйдің бір жылда тұтынатын нор­масына тең. Сонымен бірге жаңартыла­тын қуат көздерін пайдалану жылына шама­мен 226 мың тонна көмірді алмастырып, ауа­ға тарайтын көмірқышқыл газын  кемінде 633 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Жоба Хромтау ауданының еңбек нары­ғы­на да оң әсерін тигізіп отыр. Құрылыс ке­­­­зеңінде 200-ден астам адам жұмыспен қам­тылған. Стансалар іске қосылғаннан кейін 20-дан астам тұрақты жұмыс орны ашы­лады.

Желдің әлеуеті – елдің әлеуеті

Жел электр стансасын салу үшін тек қо­лай­лы аумақты табу жеткіліксіз. Ең алдымен жел­дің бағыты, жылдамдығы мен жыл бойы тұ­рақ­ты соғуы зерттеледі. Өйткені станса­ның тиімділігі осы табиғи факторларға ті­ке­лей байланысты.

Хромтау аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас­шысы Нұржан Ерғазиннің айтуынша, жо­баланған аумаққа арнайы өлшеу мач­та­ла­ры орнатылып, белгілі бір уақыт аралы­ғын­да жел туралы мәлімет жиналады. Со­ны­мен қатар «Қазгидромет» деректері де на­зар­ға алынады.

– Жиналған мәліметке қарап аумақтың энер­гетикалық әлеуеті есептеледі. Желдің ба­сым бағытын анықтау үшін «жел раушаны» көр­­сеткіші пайдаланылады. Осы зерт­теу­лер­дің нәтижесінде станса салуға қолайлы жер бел­гіленеді, – дейді ол.

Дегенмен жел энергетикасының өзіндік ерек­шелігі бар. Желдің соғуы бәсеңдесе, электр өндіру көлемі де азаяды. Ал жел соқ­па­са турбиналар энергия өндірмейді. Қазіргі жо­баларда өндірілген электр қуатын жинақ­тай­тын жеке сақтау жүйесі қарастырылмаған. Сон­дықтан болашақта мұндай техно­ло­гия­ларды дамыту да маңызды мәселенің бірі бол­мақ.

Алғашқы тәжірибе нәтижесі

Хромтау ауданында жел энергетика­сы­ның әлеуетін іс жүзінде көрсетіп отырған ны­санның бірі – қуаты 150 мегаватт болатын «Хромтау» жел электр стансасы. Әрқай­сы­сы­ның қуаты 6,25 мегаватт болатын 24 тур­би­на­дан тұратын стансая іске қосылғалы бері 556 млн киловатт-сағат электр энергиясын өн­дірген.

«ЕЭК» АҚ өндіріс жөніндегі директоры Әлім­жан Тілеумағамбетовтің айтуынша, стан­саның жұмыс көрсеткіші желдің күшіне қарай өзгеріп отырады.

– Желдің жылдамдығы секундына 2,5 метр­ге жеткенде қондырғылар іске қосы­ла­ды. 12-18 метр жылдамдықта станса номи­нал­ды қуатына шығады. Ал жел секундына 24 метрден асқанда қауіпсіздік мақсатында тур­биналар автоматты түрде тоқтайды, – дей­ді маман.

Станса жылына орта есеппен 480-500 млн киловатт-сағат электр энергиясын өн­діреді. Өндірілген қуаттың толық көлемі ERG то­бының кәсіпорындарына бағытталады. Ны­сандағы барлық өндірістік үдеріс SCADA ав­томаттандырылған жүйесімен бақыла­на­ды. Қазір стансада 16 адам еңбек етіп жүр. 

Жел энергетикасының басты артықшы­лы­ғының бірі – электр өндіру кезінде көмір, мұ­най немесе газ жағылмайды. Соның нәти­же­сінде атмосфераға тарайтын зиян да аз. «Хромтау» стансасының жұмысы жылына ша­мамен 440 мың тонна көмірқышқыл га­зы­ның ауаға таралуына жол бермейді.

Табиғи қуат – экономика игілігіне

Хромтау ауданында қолға алынған жо­ба­лар жел энергетикасының өңір үшін бала­ма­лы қуат көзі ғана емес, экономикалық да­му­дың жаңа мүмкіндігі екенін көрсетеді. Ин­вестиция, жаңа жұмыс орындары, за­ма­науи технология мен экологиялық тиімді-лік – осы бастамалардың негізгі нәтижесі.

Әрине, желге тәуелді өндірістің тұрақты­лы­ғын қамтамасыз ету, энергия сақтау жүйе­ле­рін дамыту және электр желілерінің мүм­кіндігін молайту алдағы уақытта да өзек­ті болмақ. Дегенмен алғашқы стансалар­дың нәтижесі бұл бағыттың әлеуетін ай­қын­дап берді.

Табиғи мүмкіндікті тиімді пайдаланып, оны заманауи технологиямен ұштастыру – энер­гетикалық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды жолы. Хромтаудағы жел стан­са­лары осы бағыттағы нақты қадамның бірі. Ен­дігі міндет – басталған жобаларды нәти­же­лі аяқтап, жел қуатын ел игілігіне жарату.

Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе