Петропавлда көлік ішінде ұйықтап қалған әйел газдан уланып, ауруханаға түсті

Бүгін, 12:38 / Алуа Арман
istockphoto.com

Петропавлда жабық гаражда тұрған көліктің ішінде ұйықтап қалған әйел ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған иіс тиіп уланған деген диагноз қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Петропавл қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасының мәліметінше, әйел жабық гаражда қозғалтқышы қосулы тұрған көліктің ішінде шамамен 20 минут болған. Газдың иісін сезген соң қозғалтқышты өшіргенімен, гараждан шықпай, көлік салонында ұйықтап қалған.

Оянғаннан кейін әйел өзін жайсыз сезінген. Алайда әлсіздік, жүрек айну, құсу, бас айналу және бас ауруы басылмаған соң ғана келесі күні медициналық көмекке жүгінген.

Тексеру нәтижесінде оның қанындағы карбоксигемоглобин деңгейі 13 пайыз болғаны анықталды. Бұл иіс тиіп уланғанын көрсетеді. Науқас аурухананың терапия бөліміне жатқызылды. Қазір жағдайы жақсарғанымен, ем қабылдауды жалғастырып жатыр.

Дәрігерлер иіс газының түсі мен иісі болмағандықтан, аса қауіпті екенін ескертеді.

– Иіс газының түсі де, иісі де жоқ. Сондықтан адам оның ауада бар екенін байқамай, уланғанын тым кеш түсінуі мүмкін. Ол ағзаға оттегінің түсуіне кедергі келтіреді. Соның салдарынан ми, жүрек және басқа да өмірлік маңызды мүшелер оттегі тапшылығына ұшырайды, – дейді дәрігерлер.

Тэгтер:

улану көлік Петропавл гараж газ