Қарабалық ауданының прокуратурасы білім бөлімінде жүргізілген тексеру нәтижесінде бюджет қаражатын жымқыру және мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тексеру барысында жауапты лауазымды тұлғаның 768 мың теңгені кіріске алмағаны, сондай-ақ құны 8,7 млн теңге болатын мектеп жабдықтары мен оларды сатып алуға бөлінген 744 мың теңгенің жоқтығы анықталды.
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігінің 3) тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Келтірілген залал толық көлемде өтеліп, қылмыстық іс рақымшылық жасау актісі негізінде тоқтатылды.
Сонымен қатар жалпы сомасы 50 млн теңгеден асатын тауарлар конкурстық рәсімдер өткізілместен сатып алынған. Бұл ретте жабдықтардың белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар мен кепілдік міндеттемелері болмаған.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде білім бөлімінің басшысы атқаратын лауазымынан босатылып, жеті лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Бюджет қаражатының заңды пайдаланылуын және мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.