Павлодарда кинолог пен қызметтік иттің көмегімен жыл басынан бері 214 қылмыс ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қылмыстардың ашылуы туралы күнделікті жедел ақпараттардың артында полиция қызметкерлерімен қатар олардың төрт аяқты көмекшілерінің де тынымсыз еңбегі жатыр.
Павлодар облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында түрлі тұқымдағы 16 қызметтік ит бар. Олардың қатарында полиция қызметінде өзін жақсы қырынан танытқан неміс және бельгиялық овчаркалар, лабрадорлар мен спаниельдер бар.
Қызметтік иттердің күн тәртібі мұқият жоспарланған. Әр таң ветеринардың тексеруінен басталады. Одан кейін төрт аяқты көмекшілер өздерінің қызметтік бағыты бойынша арнайы дайындықтан өтеді.
– Жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 214 қылмыс ашылды. Оның 78-і есірткі қылмыстарына қатысты. Кинологиялық қызмет орталығының иттері жедел-тергеу топтарының құрамында тәулік бойы кезекшілік атқарады, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Нияз Валиев.
Мәселен, Ж-Альдо атты қызметтік ит Кенжекөл ауылында болған ұрлық қылмысын ашуға көмектесті. Полицияның кезекші бөліміне үстіне бидон орнатылған арбаның ұрланғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен полицейлер күдіктіні жақын маңнан анықтағанымен, ол ұрлыққа қатысы барын жоққа шығарып, кінәсін мойындамаған.
Осыдан кейін күдіктінің оқиғадан соң қай бағытқа кеткенін анықтау үшін қызметтік итті іске қосу туралы шешім қабылданды. Иіс ізін сәйкестендіру мақсатында полицейлер итке күдіктінің аяқ киімін ұсынған. Оқиға орнынан иіс ізін алған қызметтік ит кинологты сенімді түрде бастап жүріп, жеке тұрғын үйлердің біріне алып келген. Сол үйдің ауласынан ұрланған арба мен оның үстіндегі бидон табылды. Үй иесінің айтуынша, арбаны оған ауыл тұрғыны бір бөтелке араққа айырбастап кеткен.
Кинолог пен қызметтік иттің үйлесімді жұмысының нәтижесінде ұрланған мүлік табылып, заңды иесіне қайтарылды. Бұл оқиға қызметтік иттердің қылмыстарды ашудағы маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Олардың арнайы дайындығы, өткір иіс сезу қабілеті мен иіс ізімен жұмыс істеу дағдысы полиция қызметкерлеріне күрделі қылмыстарды ашуға көмектеседі. Төрт аяқты көмекшілердің адалдығы, батылдығы мен ерекше қабілеті алдағы уақытта да талай қылмыстың ашылуына септігін тигізе бермек.