Ақтөбедегі дәмханада жарылыс болды (ВИДЕО)

Бүгін, 11:46 / Інжу Әлихан
aqtobe_sergek

Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, екі адам зардап шекті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға сағат 10:28-де Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған.

Жарылыс салдарынан дәмханаға жапсарлас салынған құрылыс қирап, өрт шыққан. Сондай-ақ жарылыс толқынынан тұрғын үйдің терезелері зақымданды.

Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Олар жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Қаза тапқандар жоқ.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер сағат 10:53-те өртті толық сөндірді.

Жарылыстың салдарын жоюға ТЖД-ның 45 қызметкері мен 10 техника жұмылдырылды. Оқиға орнында Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы да жүр.