Павлодардағы қабылдау-тарату орнына 3,5 мыңнан астам адам жеткізілді

Бүгін, 10:29 / Алуа Арман
polisia.kz

Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары қаңғыбастықпен айналысатын адамдарды анықтауға бағытталған кезекті жергілікті профилактикалық іс-шара өткізді. Ерекше назар басқа қалалар мен өңірлерден жеке басын куәландыратын құжаттарсыз келген азаматтарға, сондай-ақ белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға аударылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шара барысында полицейлер мұндай азаматтардың болуы мүмкін орындарын тексеріп, жеке басын анықтады. Сондай-ақ мән-жайды анықтау және қажетті профилактикалық шараларды жүргізу үшін оларды қабылдау-тарату орнына жеткізді.

– Басты міндет – белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтап, олардың жеке басын белгілеу ғана емес, сонымен қатар ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алу және қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету. Адамдардың баспанасыз қалу себептері әртүрлі: баспанасынан айырылу, отбасылық мәселелер, алкогольге тәуелділік. Өкінішке қарай, олардың кейбірі әлеуметтік оңалтудан өткеннен кейін де бұрынғы өмір салтына қайта оралады, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қарабаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері қабылдау-тарату орнына белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 3 520 адам жеткізілген.

Полиция тұрғындарды бейжай қалмауға шақырады. Егер көмекке мұқтаж адамды байқасаңыз немесе құқық қорғау органдарының араласуын қажет ететін жағдайдың куәгері болсаңыз, 102 нөміріне хабарлаңыз.

Сондай-ақ қабылдау-тарату орнына тікелей 51-58-51 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Тэгтер:

Павлодар