Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім сапасын арттыру және мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайту мәселелері талқыланды. «Әділет» партиясының Адам әлеуетін дамыту, әлеуметтік қолдау және жастар саясаты мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесі мен Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитеті ұйымдастырған көшпелі отырысқа Құрылтай депутаттары қатысып, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің орындалу барысын зерделеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әділет» партиясы Төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев көшпелі отырыстың маңыздылығын айтып, жай ғана басқосу емес, білім саласында түйіні шешілмеген мәселелердің шешімін тауып, адами капиталды дамыту керегін қозғады.
Оның айтуынша, «Әділет» партиясының бағдарламасын іске асыру мақсатында арнайы 5 жобалық кеңсе құрылып, өз жұмысын бастаған. Соның ішінде адами капиталды дамытуға және әлеуметтік мәселелерге ерекше мән берілген. Тіпті, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған жол картасындағы әрбір мақсат-міндет жіті назарға алынған.
– Президент білім сапасын арттыруға, мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайтуға және балалардың нақты білім алуына мүмкіндік беретін жағдайды күшейтуге баса назар аударды. Осы тұрғыдан алғанда, өздеріңіз де білесіздер, «Әділет» партиясының бес жылдық сайлауалды бағдарламасында адами капиталды дамытуға және әлеуметтік мәселелерге ерекше мән берілген. Біз бұл жұмысты кабинетте отырып немесе мемлекеттік органдармен жабық форматта жиын өткізу арқылы ғана шектегіміз келмейді. Керісінше, жергілікті жерлерге барып, білім саласының жанашырлары мен сарапшыларынан нақты мәселелерді естіп, оларды талқылауымыз керек. Ең бастысы, көтерілген мәселелерді талдап қана қоймай, әрқайсысының шешімін табу жолында жұмыс істеуіміз қажет. Бүгінде қаншама «Келешек мектептері» мен тірек мектептері салынып жатыр. Алдағы жылы «Халықтық құрылыс» аясында 50-ден астам мектеп салу жоспарланып отыр. Алайда мектептерді қанша салғанымызбен, ондағы білім сапасын арттырмай, ұстаздардың біліктілігін көтермей, балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие бермей, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз. Жасанды интеллект қаншалықты дамығанымен, адами капиталды дамыту да аса маңызды. Сондықтан сіздердің тәжірибелеріңізбен неге бөліспеске, оны неге басқа мектептерге де жеткізбеске деген ой бар. Басқосудың негізгі мақсаты – осы, – деді Ержан Жұматұлы.
Мұғалімнің жүктемесін азайту – заңнамалық деңгейдегі міндет
Басқосуда мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайту, құжат айналымын оңтайландыру, есептілікті қайталамау және цифрлық құралдарды тиімді пайдалану мәселелеріне назар аударылды. Сондай-ақ мұғалімдердің жұмысын жоспарлау мен бағалау тәжірибесі қарастырылды.
– Мұндағы мақсатымыз – білім беру бағыты бойынша партиямыздың сайлауалды бағдарламасында берген уәделерін, алда тұрған мақсат-міндеттерін талқылап, оларды жүзеге асыру жолдарын қарастыру. Жақында Мемлекет басшысы өз Жолдауында білім беру саласына қатысты, жалпы ұстаздарды қолдау, оларды артық әкімшілік жүктемеден қорғау бойынша нақты тапсырмалар берді. Бүгін бізде бір топ Құрылтай депутаттары арнай заң жобасын Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында дайындадық. Соның барысында Назарбаев Зияткерлік мектептің тәжірибесін зерттеп, олармен танысып, үкіметпен жұмысты қалай қойғанын, өзіміздің заң жобамызды талқыладық. Бүгін біз мектептің үлкен тәжірибесін көрдік. Мұнда оқып жатқан балаларға ғана білім алып, тәрбиеленіп жатқан жоқ. Біріншіден, басқа да біздің елдегі мектептерге өз тәжірибесін таратып, екіншіден – оларға көмек көрсетіп, мұғалімдерінің білім құзыреттілігін дамытуға, сол мектептердің балаларын олимпиадаларға дайындауға жақсы білім, саналы тәрбие беру бойынша үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Сондықтан осы тұрғыдан мектептің тәжірибесі өте маңызды, – деді Комитет төрағасы, Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов.
Талқылаудың негізгі мақсаты – НЗМ тәжірибесінде тиімділігін көрсеткен тәсілдерді жалпы білім беретін мектептерге енгізу мүмкіндігін қарастыру. Бұл мұғалімдердің артық есептілікке жұмсайтын уақытын қысқартып, негізгі міндеті – балаларға сапалы білім беруге көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасауға бағытталған.
Бұл мәселені Құрылтай депутаты Шолпан Каринова да қуаттап, жиында көтерілген маңызды мәселенің бірі – мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайту және білім сапасын арттыру екенін атап өтті.
– «Әділет» партиясының бағдарламасын іске асыру және Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасы аясында бүгін Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне келіп, білім беру саласындағы бірқатар тәжірибемен таныстық. Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептері – елімізде озық білім беру тәжірибесі қалыптасқан және сол тәжірибесін жалпы білім беретін мектептермен бөлісіп келе жатқан бірегей білім беру ұйымы. Президент мұғалімдердің Тамыз конференциясына қатысқан кезінде де білім саласына қатысты бірқатар міндет жүктеген болатын. Соның ішінде жасанды интеллектіні оқу үдерісінде пайдалану және білім беру жүйесіне цифрландыруды толыққанды енгізу мәселелеріне баса назар аударды. Осыған байланысты депутаттарды қызықтырған негізгі мәселелердің бірі – Зияткерлік мектептерде жасанды интеллектіні қолдануға қатысты қандай да бір ереже қабылданған ба, академиялық адалдық мәселесі қалай реттелген, оқушылар жасанды интеллектіні пайдалануда қандай ұстанымдарды басшылыққа алады деген сауалдар болды. Сондай-ақ мұғалімдер сабақ барысында жасанды интеллектіні қалай қолданады, бұл бағытта қандай нәтижелер бар, қандай мәселелер шешімін тапты және әлі де қандай қиындықтар кездеседі деген сұрақтарды зерделедік. Мұның бәрі алдағы уақытта жалпы білім беретін мектептерге НЗМ-нің қандай тәжірибесін енгізуге болатынын анықтау үшін маңызды. Екінші бір назар аударған мәселе – Мемлекет басшысы көтерген «Кітап оқитын ұлт» бастамасы. Бұл бағытта да мектепте жақсы тәжірибе қалыптасқанын көрдік. Мәселен, мұнда бірнеше жылдан бері «10 кітап» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында оқушылар жалпы саны 100 кітап оқиды. Оның 60-ы – қазақ тілінде, 20-сы – орыс тілінде, қалған 20-сы ағылшын тілінде. Бұл – балалардың бірнеше тілді меңгеруіне, сөздік қорын байытуына және білім көкжиегін кеңейтуіне ықпал ететін тиімді тәсілдердің бірі. Сонымен қатар қазақ әдебиетін тек қазақ тілінде оқуға бағытталған «НИШ-пен бірге оқиық» бағдарламасы да назар аударуға тұрарлық. Мұндай жобалар балалардың ана тіліндегі әдебиетті тереңірек тануына, еліміздің тарихы мен мәдениетін жақсырақ білуіне жол ашады. Жалпы, бүгінгі танысу барысында оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру бағытында өзге мектептермен бөлісуге болатын тәжірибе бар екеніне көз жеткіздік, – деді Құрылтай депутаты.
Жасанды интеллект пен кітап оқу: НЗМ тәжірибесі
Құрылтай депутаты Шолпан Каринова осы мектептің үлгісінде педагогикалық тәжірибені жетілдірсе, оқушылардың сапалы білім алуына да ықпал ететініне сенім білдірді.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында педагогтердің жүктемесін төмендетіп, олардың балалармен жұмыс істеуіне көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Осы тұрғыда Зияткерлік мектептерде қолданылатын онлайн платформалармен таныстық. Атап айтқанда, бір пәннен сабақ беретін мұғалімдер оқу үдерісін бірлесіп жоспарлап, сабақтарды бірге өткізіп, кейін өзара талдау жасайды. Мұндай тәсіл педагогтердің кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуына және оқушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Біз осы тәжірибелердің жалпы білім беретін мектептерге де пайдасы тиеді деп есептейміз. Өйткені мұғалімнің жұмысын тиімді ұйымдастыру, бірлесіп жоспарлау және сабақ нәтижесін талдау арқылы педагогикалық тәжірибені жетілдіруге болады. Бұл, түптеп келгенде, мұғалімнің уақытын үнемдеп қана қоймай, оқушылардың сапалы білім алуына да ықпал етеді, – дейді ол.
Бүгінгі білім ордасының қалыптасқан озық тәжірибелерді зерделеніп қана қоймай, олардың қайсысын еліміздің жалпы білім беру жүйесінде алып отырған орны жайлы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин айтып берді.
– Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жинақталған тәжірибені еліміздің орта білім беру жүйесіне тарату – стратегиялық басымдықтарымыздың бірі. Мәселен, ауыл мектептерін дамыту жобасы 17 өңірдегі 193 тірек мектепті қамтыды. Жоба аясында жүргізілген мониторинг білім сапасының 12 пайызға артқанын көрсетті. Сонымен қатар 2015 жылдан бері 550 мыңға жуық педагог біліктілігін арттырды. Өңірлердегі мектептерді қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасады, – деді Әнуар Жанғозин.
Сонымен қатар, қауымдастық түлектері мектеп оқушыларын қолдау, ауыл мектептерінің оқушыларына жасанды интеллектіні тегін үйрету бағытында жобаларды қолға алған. Бұл туралы Көкшетау қаласының Назарбаев атындағы Зияткерлік мектебінің 2021 жылғы түлегі, қазір Alumni NIS қауымдастығының басшысы Омар Бекин таныстырды.
Оның айтуынша, бүгінде қауымдастық 26 475 түлектің басын біріктірген. Олардың 91 пайызы мемлекеттік грант иесі атанса, 80 пайызы елдегі сұранысқа ие техникалық, медициналық, педагогикалық және ауыл шаруашылық мамандығын таңдаған. Түлектің 77 пайызы Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарына түссе, 22 пайызы – шет елдің ЖОО-ның түлегі.
– Біз қаудастықтың жұмысы аясында көптеген жобалар жүргізіп, сол арқылы қазақстандық жастардың әлеуетін дамытуға, түлектердің өз тәжірибесін бөлісуіне және бірлесіп жаңа жобалар бастауға жағдай жасаймыз. Мысалы, біздің «Белес» пен «Аялдама» деген медиа жобаларымызда түлектердің қайда оқитыны және қандай қызмет атқаратынын әлеуметтік желіде насихаттаймыз. Себебі, біз өз білімі мен дағдысына сүйеніп, жетістікке жеткен азаматтардың жолын жастарға үлгі етуді маңызды санаймыз. Сонымен қатар, түлектеріміз өз бастамаларымен елдің дамып, көркеюіне үлес қосып келеді. «Өсиет» жобасы аясында мыңға жуық ауыл балаларына жасанды интеллекті арқылы бағдарламалау, контент жасау, мамандық таңдау бойынша тегін сабақ өткізілді. Өткен жылы Ақмола облысының Білім басқармасымен бірлесіп жоба бастап, ауылдық жердегі 153 баланың ағылшын тілінен деңгейін көтеруге көмектестік. Күні кеше біздің мектеп түлегі Сабыржан Мұстафин Павлодар облысының мектептеріне 100 3D принтер сыйлады. Қауымдастығымыз ауыл балаларының оқу ақысын төлеуге бүгінге дейін 30 миллионнан астам қаражат жинаған, – дейді Омар Бекин.
Депутаттар оқушылардың зерттеу және инновациялық жобаларымен, білім беру бағдарламаларын әзірлеу тәсілдерімен және педагогтердің кәсіби дамуына арналған әдістемелік ресурстармен де танысты.
Оқушылардың жобасы – елдің технологиялық әлеуеті
Бүгінде мектеп оқушылары ғылым мен технологияны тек оқулықтан оқып қана қоймай, өздері де тың жобалар әзірлеп жүр. Бірі ғарышқа шағын жерсерік ұшырса, енді бірі инсульт алған адамдардың қол қимылын қалпына келтіруге көмектесетін экзоскелет жасап шығарған. Тағы бір топ жасанды интеллект көмегімен жүрек жұмысын талдайтын қосымша әзірлесе, тағы біреуі халықаралық робототехника жарысында жүлдегер атанған. Осы жобалар НЗМ оқушылары тарапынан Құрылтай депутаттарына таныстырылды.
Таныстырылымда ұсынылған жобалардың бірі – NIS Астана-Нұра мектебінің оқушысы Әдиханов Наджмудин әзірлеуге қатысқан NIS PocketQube шағын жерсерігі. Бұл – мектептен басталған инженерлік жұмыстың ғарышқа дейін жеткен нәтижесі. 2026 жылғы 1 қазанда жерсерік SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыран тасығышымен орбитаға шығарылды.
Өлшемі небәрі 5×5×5 сантиметр, салмағы 250 грамм болатын аппарат борттық басқару, электрмен жабдықтау және радиобайланыс жүйелерімен, сондай-ақ күн панельдерімен жабдықталған. Жоба 2019 жылы басталып, 2020 жылы мектепте «NIS Space» ғарыш зертханасы ашылғаннан кейін жүйелі түрде жүзеге асырыла бастаған. Осы уақыт аралығында оған 17 оқушы қатысқан. Жобаның басты ерекшелігі – оқушылардың ғарыш аппаратын әзірлеу мен ұшыру үдерісіне тікелей араласуы.
Ал Сайлау Асылжан мен Чистяков Семен ұсынған Tenzo жобасы медициналық оңалту саласына арналған. Оқушылар инсульттен кейін немесе ұзақ уақыт қозғалыссыз қалған адамдардың қол қимылын қалпына келтіруге көмектесетін тростық экзоскелет әзірлеген. Құрылғының қозғалтқыш бөлігі арқаға бекітіледі, ал арнайы тростар қолды жаттығу кезінде қозғалтуға мүмкіндік береді. Бұл оны пайдалану үшін арнайы стационарлық қондырғы қажет емес екенін білдіреді.
Жоба авторларының мәліметінше, экзоскелет Астанадағы «Шаг вперед» және «Бала» оңалту орталықтарында қолданылып жүр. Қазіргі уақытта команда құрылғының прототипін клиникалық ортада сынақтан өткізу жұмысын жалғастыруда. Жобаның маңызы – оңалту қызметін қолжетімді етуге бағытталған отандық технологиялық шешім ұсынуында.
Медицина саласындағы тағы бір бастама – BOL қосымшасы. Оны NIS Астана оқушылары Қуанышбаев Әбілхайыр мен Баймұқан Қалиақбар әзірлеген. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйе электрокардиограмма нәтижелерін талдап, жүрек ауруларының 56 түрін анықтауға бағытталған. Жоба авторларының айтуынша, қосымшаның дәлдігі шамамен 90 пайызды құрайды. Оның ерекшелігі – дәрігерге ЭКГ нәтижесін қысқа уақытта талдап, ықтимал өзгерістерді байқауға көмектесуі.
Төртінші жоба робототехникаға арналған. NIS Астана-Нұра мектебінің оқушылары Айсина Адель мен Серік Ерасыл FIRST Tech Challenge халықаралық жарысына қатысуға арналған роботты таныстырды. Бұл жарыста оқушылар роботты өздері жобалап, құрастырып, арнайы тапсырмаларды орындауға бағдарламалайды. Команда FIRST Championship әлемдік кезеңінде ІІІ орынға, Think Award номинациясы бойынша да ІІІ орынға ие болған.
Аталған жобалардың ортақ ерекшелігі – олардың нақты сұранысқа жауап беруге бағытталуы. Бірі ғарыш технологиясын дамытуға үлес қосса, екіншісі оңалту саласындағы қажеттілікті өтеуге, үшіншісі медицинадағы диагностика үдерісін қолдауға, төртіншісі инженерлік дағдыларды дамытуға бағытталған. Бұл оқушылардың ғылыми ізденісі тек байқау мн олимпиада аясында қалмай, тәжірибелік өнімге айнала алатынын көрсетеді.