Алматы облысында зейнеткерлер 110 млн теңгелік баспанасынан айырылып қала жаздады

Бүгін, 22:09 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Алматы облысында қарт ерлі-зайыпты қарызға байланысты құны 110 миллион теңге болатын жалғыз баспанасынан айырылып қала жаздады. Алайда сотта тараптар өзара келісімге келіп, зейнеткерлер үйін сақтап қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алматы облысының Іле аудандық сотында банк пен қарыз алушылар арасындағы берешекті өндіріп алу және кепілге қойылған мүлікті сату туралы азаматтық іс қаралды. Сот мәліметінше, банк жауапкер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен және кепілгерлерден 57,9 миллион теңге қарызды қайтаруды талап еткен. Аталған берешекті өтеу үшін қаржы ұйымы кепілге қойылған, нарықтық құны 110 миллион теңге болатын тұрғын үйді өндіріп алу туралы талап қойған.

Белгілі болғандай, баспана зейнеткерлерге тиесілі. Қарттар отбасы мүшесінің кәсіпкерлік қызметін дамыту мақсатында алған несиесіне кепілгер болған. Алайда кәсіпкерлік нысанда өрт шығып, соның салдарынан қаржылық қиындықтар туындаған. Нәтижесінде несие бойынша төлемдер уақытылы жүргізілмей, берешек жиналған.

Осы жағдайдан кейін банк қарызды өндіріп алу үшін сотқа жүгінген. Ал кепілге қойылған тұрғын үйден айырылу қаупі зейнеткерлер үшін күрделі мәселеге айналған.

Сот отырысы барысында судья тараптарға дауды медиация арқылы реттеу мүмкіндігін түсіндірген. Атап айтқанда, мұндай келісімнің құқықтық салдары мен екі тарап үшін тиімді тұстары айтылған. Нәтижесінде банк пен жауапкерлер ортақ мәмілеге келді. Медиативтік келісімге сәйкес, жауапкерлер 57,9 миллион теңге көлеміндегі берешекті мойындап, оны 24 ай ішінде белгіленген төлем кестесі бойынша бөліп өтеуге міндеттелді.

Банк өкілдері ұсынылған төлем тәртібіне келісім беріп, кепілдегі баспананы мәжбүрлеп сату туралы талабынан бас тартты.

Осылайша, зейнеткерлер құны 110 миллион теңге болатын жалғыз тұрғын үйін сақтап қалды. Алматы облыстық соттарының хабарлауынша, тараптар жасасқан медиативтік келісім сот арқылы бекітілген. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Баспана Алматы зейнеткер