Ақтауда балалар алаңында қуатты жарылыс болды

Бүгін, 17:55 / Алуа Арман

Оқиға қаланың 27-шағынауданында болған. Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында, балалар алаңының маңында жеңіл автокөлік өртеніп, жарылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жарылыс пен одан кейінгі өрт сәті куәгерлердің бейнекамераларына түсіп қалған. Кадрлардан жалынға оранған көліктің тұрғын үй ауласында жарылғанын, айналаны қою қара түтін басқанын көруге болады.

Оқиға орнына шұғыл қызметтер жетті. Полиция қызметкерлері аумақты қоршауға алып, өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтауға кірісті.

«Ақтау қаласының 27-шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үй аумағында жеңіл автокөлік өртеніп, артынша газ баллон жабдығы жарылған», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.

Құтқарушылардың мәліметінше, өрт толық сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ.

Тэгтер:

көлік өрт Ақтау Жарылыс ойын алаңы балалар алаңы