Семей қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында бірқатар маңызды нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Жекпе-жек сарайы мен стадионның құрылыс алаңдарында болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сол жағалауда орын тепкен Жекпе-жек сарайының құрылысы Ақтөбе облысының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 6683 шаршы метр. Спорт кешені бір мезгілде 1000 адамды қабылдауға есептелген.
Жоба бойынша сарайда күрес пен бокстан жарыстар өткізуге арналған жалпы ауданы 1860,28 шаршы метр зал қарастырылған. Сонымен қатар ауданы 795,54 шаршы метр үлкен жаттығу залы, балаларға арналған 293,17 шаршы метр кіші жаттығу залы және осындай көлемдегі тағы бір жаттығу залы болады.
Жаңа спорт кешені бокс пен күрес түрлерінен жарыстар өткізуге, спортшылардың жаттығуына және балаларды спортқа баулуға арналған.
Қазір нысанның іргетасының темір арматураларын байланыстыру және бетон құю жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ғимараттың құрылыс барысымен танысқан аймақ басшысы спорт нысанының уақтылы әрі сапалы салынуы маңызды екенін атап өтті.
«Бұл – «Абайға құрмет» акциясы аясында Ақтөбе облысының өңірімізге жасап отырған тартуы. Өте әдемі ғимарат. Биыл көктемде Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен бірге іргетасын қалап, құрылыс жұмыстарын бастадық. Құрылыс қарқыны жақсы. Жекпе-жек сарайының жанынан Болашақ сарайы да салынады. Бұл – осы ауданға, төңіректегі тұрғындарға қажетті нысан. Жоба Ақтөбеде салынған ғимаратқа ұқсас, тек аздаған өзгешеліктері бар. Мәселен, бізде үш күрес залы болады. Бұл халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Мердігер нысанды келесі жылдың соңында пайдалануға беруге уәде етіп отыр. Қазір барлық жұмыс кестеге сай жүріп жатыр», – деді Берік Уәли.