Абай облысында үш мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылды

Бүгін, 11:47 / Алуа Арман
polisia.kz

Отбасындағы қорлау, қорқыту және зорлық-зомбылық фактілерін назардан тыс қалдыруға болмайды. Зардап шеккендерді қорғау және құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу мақсатында Абай облысының полиция қызметкерлері қорғау нұсқамаларын шығарып, белгіленген шектеулердің сақталуын бақылауда ұстайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылғы қазан айының қорытындысы бойынша өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 3 319 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның 3 026-сы отбасындағы құқыққа қайшы әрекеттерге, ал 293-і қорғау нұсқамаларын бұзу деректеріне қатысты.

 Зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері 3 116 қорғау нұсқамасын шығарған. Сондай-ақ 658 құқық бұзушыға қатысты мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген. Оның ішінде 502 жағдайда бұл талаптар тікелей отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласына қатысты қолданылған.

Қорғау нұсқамасын бұзудың әрбір дерегі жіті назарда болуы тиіс. Белгіленген шектеулер қатаң сақталып, зардап шеккен адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі қажет.

Полиция азаматтарды зорлық-зомбылық фактілерін жасырмауға және жақындарына немесе көршілеріне көмек қажет болған жағдайда бейжай қарамауға шақырады. Өмір мен денсаулыққа қауіп төнген жағдайда дереу “102” нөміріне хабарласыңыз. Көмекке дер кезінде жүгіну зорлық-зомбылықтың қайталануына және оның ауыр зардаптарына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Тэгтер:

Абай облысы қорғау нұсқамасы