Жыл басынан бері Абай облысында көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін 592 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына төнген 592 қауіп. "Жақын жерге ғана барып келемін" деген ой немесе жүргізушілік тәжірибесіне сену мұндай сапардың қауіпсіз болуына кепілдік бермейді.
Қарсы бағыттағы көлік жүргізушісі, жаяу жүргінші, көрші көліктегі бала – олардың ешқайсысы мас жүргізушімен жолығуды таңдаған жоқ. Алайда алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін рөлге отыру туралы бір адамның жауапсыз шешімі өзгенің өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Полиция тұрғындарды бейжай қалмауға шақырады. Мас күйдегі жақындарыңыздың көлік тізгініне отыруына жол бермеңіз. Ал жолда мас болуы мүмкін жүргізушіні байқасаңыз, дереу "102" нөміріне хабарлап, мүмкіндігінше көліктің маркасын, мемлекеттік тіркеу нөмірін және қозғалыс бағытын хабарлаңыз. Қауіпті сапардың соңы қайғылы жағдайға ұласпай тұрып, оның алдын алу маңызды. Бір сәттік жауапсыздық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.