Ақтауда мектеп тазалықшысын қорлаған әйелге айыппұл салынды

Бүгін, 10:00 / Інжу Әлихан
Маңғыстау соттары

Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында құқық бұзушылық жасаған азаматша Ю.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Соттың мәліметінше, қазан айында азаматша Ю. Ақтау қаласының 31Б шағын ауданында орналасқан «Т» мектеп-лицейінің екінші қабатында, яғни қоғамдық орында, жәбірленуші Б. тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде, қасақана шелекті аяғымен теуіп, оның аударылуына себеп болғаны анықталды. Бұдан кейін ол қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған әрекеттерін жалғастырып, жәбірленушіні қорлаған. Осылайша, азаматша ұсақ бұзақылық жасаған.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, былапыт сөз айтпағанын, тек ашу үстінде шелекті теуіп жібергенін түсіндірді.

Сот қаулы шығару кезінде құқық бұзушының кінәсін мойындауын және асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді.

Сот қаулысымен азаматша Ю. ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 86 500 теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.