СҚО-да бірнеше жыл бұрын ғана пайдалануға берілген жаңа үйлер сүріліп жатыр

Бүгін, 08:34 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында бірнеше жыл бұрын "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған үйлер сүріліп жатыр. Жергілікті билік баспаналардың апатты күйге түсуіне тұрғындардың жауапсыздығы себеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, 2019 жылы Нұркен Баязитов "Еңбек" бағдарламасы аясында Астанадан Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев қаласына қоныс аударған. Екі ұлдың әкесі бүгінде көлік жөндеу орталығын ашып, табыс тауып отыр. Сонымен қатар азын-аулақ мал ұстайды. Үйінің жанына үлкен малқора мен көлікжай салған. Ал биыл 6 млн теңгеге монша тұрғызған.

Шал ақын ауданының орталығы Сергеев қаласында "Еңбек" бағдарламасы аясында барлығы 109 үй салынған. Оның жартысы оңтүстік өңірлерден қоныс аударған отбасыларға берілген.

Алайда кейбір отбасылар күн суыта бастағанда үйлерін тастап, оңтүстікке қайта көшіп кеткен. Соның салдарынан қараусыз қалған баспаналардың жылыту батареялары қатып, пештері жарылған. Қабырғалары ылғал тартып, үйлер тұруға жарамсыз күйге түскен.

Жергілікті тұрғындардың пікірінше, мұндай жағдайға қоныс аударушылардың салғырттығы себеп болған.

"Кетіп жатқандар көтермеақшаға ақшаға қызығады. Жалқаулық қой негізі. Қай жерде болсаң, жалқаулыққа ешкім бермейді. Әр жерде қыбырлап, әйтеуір жұмыс істеп, үкіметтің бағдарламасымен көтермеақшаны алдық. Ол бір-екі айда әумин таусылды ғой. Оған қарап отырған жоқ. Өзіміз қимылдап, 5 теңгені 10 теңге қылып жүрген жағдайымыз бар", – деді Сергеев қаласының тұрғыны Қалдыбай Сұрходжаев.

Аудандық әкімдік қараусыз қалған үйлердің жағдайын анықтау үшін арнайы сараптама тағайындаған. Нәтижесінде 14 баспана апатты деп танылған. Қазір жергілікті билік оларды бірінен соң бірін сүріп жатыр.

"Тұрғындар біздің облысқа отбасымен көшеді. Мемлекеттен көтермеақы алады, үйге ие болады. Ай сайынғы төлемі не бары 7-8 мың теңге. Алайда, қазан-қараша айларында үйлерін құлттап, кетіп қалады. Біз оларды тауып, үйлерді қайтадан тапсыруды талап етеміз. Алайда, олар бірден қайтаруға асықпайды. Бұл мәселені сот арқылы шешу көп уақыт алады. Салдарынан үйлер жарамсыз күйге көшеді", – деді Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Жарқын Мұхамеджанов.

Телеарна мәліметінше, тек Шал ақын ауданында бюджетке 41 млн теңге көлемінде шығын келген.

Аудандық әкімдік мемлекеттен берілген көтермеақыны қайтару үшін 40 отбасын сотқа берген. Бүгінде шығынның жартысы өндірілген.