Диана ханшайымның атақты көйлегі 300 мың долларға сатылмақ

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат

Ұлыбритания ханшайымы Диананың әлемге әйгілі «кек көйлегі» 30 жылға жуық уақыттан кейін қайтадан аукционға шығарылады. Кезінде ханшайымның отбасылық дауға берген үнсіз жауабы ретінде тарихта қалған қара көйлектің құны 300 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Euronews хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көйлек 1994 жылғы 29 маусымда Диананың Лондондағы Serpentine галереясында өткен қайырымдылық кешіне киіп баруымен танымал болды. Дәл сол күні оның күйеуі, қазіргі Ұлыбритания королі III Чарльз теледидар арқылы берген сұхбатында некедегі опасыздығын көпшілік алдында мойындаған еді.

Алайда Диана бұл жағдайға байланысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Оның орнына көпшіліктің алдына иығы ашық, денеге қонымды, қысқа қара көйлекпен шықты. Грек дизайнері Кристина Стамболиан жасаған бұл киім сол кездегі корольдік отбасының қалыптасқан киіну дәстүрінен өзгеше болатын.

Ханшайымның сол кештегі суреттері әлемдік басылымдарға тарап, көйлек көп ұзамай «Revenge Dress», яғни «кек көйлегі» деген атауға ие болды. Жұртшылық оның бұл таңдауын күйеуінің опасыздығына берген үнсіз жауабы, өзіне деген сенімділігінің көрінісі ретінде қабылдады.

Бір қызығы, Диана бұл көйлекті аталған кештен үш жыл бұрын сатып алған. Алайда оны корольдік отбасы үшін тым батыл деп санап, көпшілік алдында киюге асықпаған.

1997 жылы ханшайым өзінің 79 көйлегін қайырымдылық аукционына шығарды. Саудадан түскен қаражат қатерлі ісік пен ЖИТС-ке шалдыққан адамдарға көмектесетін ұйымдарға бағытталды. Сол кезде әйгілі қара көйлек 39 мың фунт стерлингтен астам сомаға сатылған.

Содан бері ол жеке коллекцияда сақталып келген.

Енді 9 желтоқсанда Нью-Йоркте өтетін Sotheby’s аукционында көйлек қайтадан сатылымға шығарылады. Мамандар оның құнын 150–300 мың доллар аралығында бағалап отыр.

Аукцион алдында тарихи киім Швейцарияның Женева қаласында көпшілік назарына ұсынылды. Кейін ол Нью-Йоркке жеткізіледі.

Sotheby’s өкілдерінің айтуынша, бұл көйлектің құндылығы оның дизайнында ғана емес. Ол сән тарихында әйелдің өзіне деген сенімі мен тәуелсіздігінің символына айналған.

Көйлекті сатудан түсетін қаражаттың бір бөлігі Шотландиядағы Royal Edinburgh Hospital ауруханасына қолдау көрсететін қайырымдылық қорына аударылады.

Тэгтер:

көйлек Диана