"Сауда науқаны": Қытайда ер адам 745 теңгеге пәтер сатып алған

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат

Қытайда ер адам екі жатын бөлмесі бар пәтерді небәрі 11 юаньға (шамамен 745 теңге) сатып алды. Ол баспананы елде жыл сайын өтетін 11.11 жаппай жеңілдіктер науқаны кезінде ұтып алған. Бұл туралы South China Morning Post хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz SCMP-қа сілтеме жасап. 

Пәтер Қытайдың солтүстік-шығысындағы Хэйлунцзян провинциясында орналасқан. Аумағы 68 шаршы метр болатын баспана тұрғын үйдің жетінші қабатында орналасқан.

Alibaba Auction платформасында өткен аукционда пәтердің бастапқы бағасы небәрі 1 юань (68 теңге) болған. Саудаға 1 677 адам қатысып, барлығы 1 001 ұсыныс жасалған. Ең жоғары баға 11 юань болып белгіленгендіктен, оған бірінші болып қол жеткізген қатысушы жеңімпаз атанған.

Бір қызығы, пәтердің нарықтағы құны шамамен 40 мың юань (2,7 миллион теңге) тұрады. Алайда сауда алаңы жарнамалық акция аясында баға айырмасын өзі өтеген. Сатып алушыға енді баспананы өз атына рәсімдеу үшін шамамен 2 000 юань (135 мың теңге) салық төлеу ғана қалған.

Жеңімпаз Қытайдың шығыс өңірінде тұрады. Ол жаңа пәтеріне біржола көшуді жоспарламайтынын, оны қысқы демалыс кезінде пайдалану үшін алғанын айтқан.

Бұл оқиға Қытай әлеуметтік желілерінде қызу талқыланып жатыр. Кейбір қолданушылар пәтердің бағасына таңғалса, басқалары мұндай арзан баспананы күтіп ұстауға кететін шығындар туралы ескерткен.

Айта кетейік, Қытайда 11 қарашада өтетін «Бойдақтар күні» әлемдегі ең ірі онлайн сауда науқандарының бірі саналады. Бұл дәстүрді 2009 жылы Alibaba компаниясының Taobao платформасы бастаған. Қазір жеңілдіктер науқаны бірнеше аптаға созылады.