Мәдениет министрі қазақстандық жастар жасаған PARAQTA жобасына қолдау білдірді

Бүгін, 21:23 / Жамбыл Жайлау
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қазақстандық жастар әзірлеген PARAQTA онлайн кітапхана платформасының авторларымен кездесіп, қосымшаның мүмкіндіктерімен танысты. Кездесу барысында кітап қорын толықтыру және жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жоба авторларының бірі әлеуметтік желідегі парақшасында министрмен өткен кездесудің мән-жайын бөлісті. Оның айтуынша, Арман Қырықбаев PARAQTA платформасы туралы жарияланымдарды байқап, жоба авторы мен оның әпкесі Керім Аянқызын кездесуге шақырған.

Кездесу барысында министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамалары аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталған. Атап айтқанда, министрліктің үйлестіруімен ұйымдастырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонының нәтижелері сөз болған.

Жарияланған мәліметке сәйкес, бүгінде reading-nation.kz платформасына 1,4 миллионнан астам адам тіркелген. Қатысушылар 842 мыңнан астам кітап оқып, шығармалар туралы 50 мыңнан аса бейнепікір жариялаған. Жоба авторлары мұндай ауқымды бастамалардың жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Министрмен кездесу барысында қазақстандық PARAQTA жобасының жұмысы да таныстырылған.

PARAQTA – оқырмандарға кітап оқу үдерісін бақылауға, бастаған шығармаларын аяқтауға және оқырман қауымдастығына қосылуға көмектесетін онлайн платформа. Жобаның ерекшелігі – электронды кітаптармен қатар қағаз кітаптарды оқу барысын да есепке алуға мүмкіндік береді.

Авторлардың мәліметінше, қазіргі уақытта платформаға 15 186 оқырман тіркелген. Пайдаланушылар жалпы саны 1,2 миллион бет оқып, 10 738 кітапты аяқтаған. Сонымен қатар PARAQTA аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.

Жоба іске қосылғанына 1 жыл 2 ай болған. Алты ай бұрын платформаның веб-сайты ашылса, екі апта бұрын мобильді қосымшасы App Store дүкеніне орналастырылған.

Кездесу кезінде жоба авторлары платформаның қазіргі қажеттіліктері туралы да айтқан. Олардың сөзінше, басты мәселелердің бірі – қосымша арқылы тікелей оқуға болатын кітаптар санын көбейту.

Қазір PARAQTA платформасында авторлық құқық мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен 150-ге жуық шығарма тегін ұсынылады. Алайда оқырмандар кітап қорының кеңейгенін, жаңа шығармалардың қосымша ішінде қолжетімді болғанын қалайтынын жиі жеткізеді.

Жоба авторларының мәлімдеуінше, Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап қорын авторлық құқық талаптарын сақтай отырып толықтыруға қолдау көрсетуге уәде берген. Бұдан бөлек, оқырмандардың офлайн кездесулерін ұйымдастыру, кітап клубтарының басқосуларын өткізу және бірлескен іс-шараларға арналған алаң қарастыру мәселелері талқыланған.

Жоба авторлары министр Арман Қырықбаевқа және Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрмановаға бастамаларына қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдірді. Олардың айтуынша, PARAQTA жобасының негізгі мақсаты – қазақстандықтардың, әсіресе жастардың тұрақты кітап оқу дағдысын қалыптастыруына көмектесу.

Жоба командасы алдағы уақытта платформаны дамытып, оқырман санын арттыруды көздеп отыр.