Қазақстанда мемлекет тағайындаған әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартатын азаматтар көбейіп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы енгізілген SMS арқылы жәрдемақыдан бас тарту мүмкіндігін 200-ден астам адам пайдаланған. Олардың арасында тұрмысын түзеген кәсіпкерлер де, көпбалалы ата-аналар да бар. Дегенмен мамандар мұндай шешімнің артында тек материалдық жағдайдың жақсаруы емес, қоғамның көзқарасы, жеке мәселесін жария етуден қорқу және әлеуметтік қысым да жатуы мүмкін екенін айтады, деп turkystan.kz тілшісі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың кейбір түрлері жаңартылған тәртіппен тағайындалмақ. Бұл өзгерістер қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бірі әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау қажет деп санаса, енді бірі жаңа талаптардың салдарынан табысы төмен отбасылар қолдаусыз қалуы мүмкін екенін алға тартады.
Осы тұста мемлекеттен алуға құқығы бар жәрдемақыдан өз еркімен бас тартатын азаматтардың көбеюі назар аудартады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы іске қосылған SMS-хабарлама арқылы әлеуметтік төлемнен бас тарту тетігін 200-ден астам қазақстандық пайдаланған. Ведомство өкілдері мұндай шешім қабылдайтындардың саны біртіндеп артып келе жатқанын жеткізді.
Министрліктің түсіндіруінше, олардың басым бөлігі отбасын өз табысымен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жеткендіктен мемлекеттік төлемді алуды тоқтатқан.
"Мұндай шешімді отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатынына көз жеткізген азаматтар қабылдаған. Олар мемлекеттік көмектен мүлде бас тартып жатқан жоқ. Тек өзіне тиесілі төлемді алуды тоқтатып, одан гөрі оны шын мұқтаж отбасыларға беруін қалады. Олардың арасында кәсіпкерлер, көпбалалы ата-аналар және тұрмыстық жағдайын жақсартып, өз отбасын қамтамасыз ете алатындар да бар", – делінген министрлік хабарламасында.
Бұған дейін әлеуметтік төлемдердің кейбір түрлері азаматтың белгілі бір санатқа жатуына байланысты тағайындалып келген. Кей жағдайда жәрдемақы алу үшін жеке өтініш беру де талап етілмеген. Ал биыл әлеуметтік қолдаудан ерікті түрде бас тартудың жеңілдетілген тәртібі қолданысқа енгізілді. Бұл мүмкіндік азаматтарға мемлекеттік төлемді алуды тоқтату туралы шешімін рәсімдеуге жағдай жасайды. Дегенмен жәрдемақыдан бас тартқан әр адамның өмірлік жағдайы әртүрлі. Бірі табысын көбейтіп, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізсе, екіншісі қоғамның пікірінен қысылып, әлеуметтік қолдауды пайдаланғысы келмейді.
Ақтөбе қаласының тұрғыны, алты баланың анасы Қалауша Садықова бір кездері мемлекет көмегінің отбасына үлкен қолдау болғанын айтады. Кейін жеке кәсібін дамытып, тұрақты табыс таба бастаған соң жәрдемақыдан бас тартуды ұйғарған.
"Шүкір, алты баланы өсіріп-жеткізіп отырмыз. Мемлекеттік көмектің отбасы үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Кәсібімді енді бастағанда осы қолдаудың пайдасын көрдік. Қазір кәсібім өрге басты, отбасымды өзім қамтамасыз ете алатын күйге жеттім. Сол себепті көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыдан өз еркіммен бас тарттым. Кезінде мен секілді қиын жағдайда жүрген отбасы аз емес, аз да болса соларға көмек болсын", – дейді Қалауша Садықова.
Осыған ұқсас шешімді Азамат Нұрмұхамбетов те қабылдаған. Ол бұған дейін I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлға ретінде ай сайын мемлекеттік жәрдемақы алып келген. Алайда кейін өзіне тиесілі төлемді алуды тоқтатуға шешім қабылдаған.
"Әр адамның өмірлік жағдайы әртүрлі, кейде ойламаған жерден қиындыққа тап болуы мүмкін. Сондай кезде мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Өзім алып жүрген жәрдемақыдан өз еркіммен бас тарттым. Өйткені бұл көмек ауыр жағдайға тап болған жандарға қажеттірек", – дейді Азамат Нұрмұхамбетов.
Әлеуметтік көмектен бас тартудың тағы бір себебі – азаматтың өз мәселесін өзгелерге білдіргісі келмеуі. Алматы қаласының тұрғыны Жанар да өмірінің бір кезеңінде мемлекет қолдауына жүгінуге мәжбүр болғанын жасырмайды. Ол декреттік демалыстан кейін бұрынғы жұмыс орны жабылып қалғандықтан, біраз уақыт тұрақты табыссыз жүрген. Сол кезеңде әлеуметтік төлем алуға өтініш бергенімен, бастапқыда бұл шешімді қабылдау өзіне оңай болмаған.
"Декреттік демалыстан шыққан кезде жұмыс істеген мекемем жабылып қалды. Бірақ уақыт жұмыс іздеп сандалдым. Сол кезде табыс көзі болмағаным үшін әлеуметтік көмекке берілетін жәрдемақыны алдым. Басында соған тіркеліп, көмек сұрауды намыс көрдім. Өзімнің шарасыз екенімді мойындағым келмеді. Шыны керек, төлемнің көмегі тиді, десе де іштей өзімді жайсыз сезінетінмін. Бір жылдан кейін өз кәсібімді ашып, дөңгелетіп алған соң, бұл көмектен өз еркіммен бас тарттым", – деді Жанар есімді келіншек.
Жанардың оқиғасы мемлекет көмегіне мұқтаж болған адамдардың барлығы бірдей оны еркін қабылдай бермейтінін көрсетеді. Кейбір азамат үшін қаржылық қиындықтан бөлек, өзгелердің пікіріне алаңдау да ауыр психологиялық кедергіге айналады.
Астанадағы "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығының мамандары да мұндай жағдайлардың кездесетінін айтады. Орталықтың Алматы ауданы бойынша отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеу бөлімінің қызметкері Сәттігүл Төлеубайқызы әлеуметтік көмектен өз еркімен бас тартатын азаматтардың бар екенін растаған. Бірақ олардың көпшілігі шешімінің нақты себебін көпшілікке жария еткісі келмейді.
"Біздің орталықта әлеуметтік көмектен өз еркімен бас тартқан азаматтар жиі кездеседі. Азаматтар туралы енгізілген деректер дербес дерек болғандықтан, жария етілмейді. Олардың саны нақты әрі тұрақты емес", – деді Сәттігүл Төлеубайқызы.
Маманның айтуынша, орталық тәжірибесінде мұндай азаматтардың саны шамамен 10-15 адамға жеткен. Әлеуметтік көмектен бас тарту туралы мәліметтер арнайы есепке алынып, FSM Social қосымшасы арқылы ортақ ақпараттық базаға енгізіледі. Жүйеде азаматтың неліктен қолдаудан бас тартқаны да көрсетіледі. Алайда бұл деректер жеке ақпарат санатына жататындықтан, көпшілікке таратылмайды.
"Бұл шешімді әр отбасы өз жағдайына байланысты қабылдайды. Кей азаматтар «өз мәселемді өзім шешем» деп те ұсынылған көмектен бас тартып жатады. Оның тағы бір себебі – өздерінің жеке мәселесін өзгеге жария болғанын қаламайды. Тіпті, орталықтан ұсынылған көмекті де қажет санамайды. Көпшілігі отбасының ішкі жағдайына байланысты көмек алудан бас тартады. Соған қарамастан мамандар түсіндіру жұмысын толығымен жүргізіп, азамат осы жолы бас тартса да келесі жолы қайта жүгіне алатынын ескертіп, түсіндіреді. Біздің мақсат – әлеуметтік көмек көрсету ғана емес, олардың отбасылық жағдайын зерделеп, қиын өмірлік жағдайға тап болса, содан шығуына көмектесу", – дейді ол.
Сәттігүл Төлеубайқызының сөзінше, әлеуметтік сүйемелдеу орталықтарының жұмысы тек жәрдемақы рәсімдеумен шектелмейді. Мамандар отбасылардың тұрмыстық жағдайын зерттеп, қиындықтың себебін анықтауға және одан шығу жолдарын табуға көмектеседі.
Психолог Айсұлу Жақыпова әлеуметтік көмектен бас тартудың психологиялық себептеріне назар аударды. Оның пікірінше, қоғамда ересек адам барлық қиындықты ешкімнің көмегінсіз жеңуге тиіс деген түсінік қалыптасқан. Соның әсерінен кейбір азаматтар мемлекеттік қолдауға жүгінуді өзінің әлсіздігі ретінде қабылдайды.
"Біздің мәдениетте ересек адам кез келген өмірлік қиындықты тек өз күшімен еңсеруі тиіс деген жаңсақ пікір қалыптасып, түп тамырымызға тереңдеп, дендеп кеткен. Өзгеден көмек сұрап, қолдау көргенді адам психикасы мұны уақытша дағдарыс ретінде емес, өзіндік пәрменсіздік пен жеке жеңіліс деп қабылдайды.
Бұған қоса, қоғам тарапынан айыпталу қорқынышы да ауыр қысым көрсетеді: адам айналасының алдында "жолы болмаған" немесе "масыл" деп таңбаланғысы келмейді. Тіпті, ұяттан өз амандығы мен әл-ауқатын құрбан етіп, шынайы мұқтаждығын жасырады. Мысалы, "мемлекеттен көмек сұрау – әлсіздік" деген түсінік адамның қоғамда орнын жоғалтуға дейін әкеледі. Осындай стереотиптің салдарынан қажетті көмегін дер кезінде алмай, мәселесін ушықтырып алады. Өйткені адам бүкіл күшін айналасына бәрі жақсы деген жаңсақ пікір қалыптастыруға жұмсайды", – деді Айсұлу Жақыпова.
Маманның түсіндіруінше, әлеуметтік мәртебесінен ұялу адамның тек жәрдемақы алуына ғана емес, өзінің заңды құқығын қорғауына да кедергі келтіруі мүмкін. Мәселен, азамат мемлекеттен тиесілі төлем немесе қызмет алу үшін құжат рәсімдеуден қашқақтайды. Өз мәселесін жария етуден қорқып, тиісті мекемелерге жүгінбеуі ықтимал.
Мұндай жағдайда материалдық қиындық шешілмей, керісінше тереңдей түседі. Ал қоғамнан оқшаулану адамның психологиялық жағдайына да әсер етуі мүмкін.
Айсұлу Жақыпова бұл мәселені шешу үшін әлеуметтік көмекке қатысты қоғамдық түсінікті өзгерту қажет деп санайды. Оның пікірінше, мемлекеттік қолдау азаматтың дәрменсіздігін білдіретін белгі ретінде емес, қиын кезеңде тұрмысын тұрақтандыруға көмектесетін заңды мүмкіндік ретінде қабылдануы керек.
"Ол үшін Мемлекеттік және әлеуметтік қолдау тақырыбының айналасындағы ақпараттық мәтінді түбегейлі өзгерту қажет. Әлеуметтік көмек "әлсіздерге берілетін қайыр-садақа" ретінде емес, қиын-қыстау кезеңде бой түзеп алуға арналған уақытша ресурс, мемлекеттік сақтандыру және қалыпты құрал ретінде насихатталуы тиіс. Бұған параллельді түрде қолдау көрсететін институттың өзінде құпиялықты, азаматтарға деген шынайы ізет пен құрметті қамтамасыз ететін жоғары сервистік мәдениетті дамыту маңызды. Көмек алу процесі қаншалықты ашық, әрі өзгеге білінбесе, оны жағымсыз таңбалануы да соншалықты жылдам жойылады", – деді Айсұлу Жақыпова.
Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова да әлеуметтік көмектен бас тарту мәселесін тек бюджет шығынын азайту тұрғысынан бағалауға болмайтынын айтады.
Оның сөзінше, азаматтың өз еркімен жәрдемақы алудан бас тартуы мен мемлекеттік жүйенің белгілі бір отбасын әлеуметтік қолдауға мұқтаж емес деп тануы – екі бөлек жағдай.
Бірінші жағдайда шешімді азаматтың өзі қабылдайды. Ал екінші жағдайда отбасының материалдық жағдайын анықтайтын мемлекеттік тетіктердің қаншалықты дұрыс жұмыс істейтіні маңызды.
Әсіресе әлеуметтік картаны енгізу барысында азаматтардың нақты тұрмысын жан-жақты бағалау қажет.
"Әлеуметтік картаның негізгі мақсаты – халықты бай-кедей деп бөлу немесе азаматтарға белгілі бір таңба тағу емес, әр отбасының нақты жағдайын анықтап, қажетті қолдауды уақытында көрсету. Өйткені отбасының тұрмысы бір ғана табыс көрсеткішімен өлшенбейді. Мәселен, тұрақты табысы жоқ, бірақ ауылда үйі немесе ескі көлігі бар отбасы мүлік көрсеткіштері бойынша әл-ауқаты жоғары санатқа енгізілуі мүмкін. Алайда оның күнделікті қажеттіліктерін өтеуге қаражаты болмауы ықтимал.
Тағы бір маңызды мәселе – азаматтардың әлеуметтік көмектен тыс қалуы. Кейде отбасының жағдайы қысқа мерзімде күрт өзгеруі мүмкін: асыраушысы ауырады, жұмысынан айырылады немесе отбасында күтпеген қиындықтар туындайды. Ал цифрлық жүйе бұрынғы кезеңдегі деректерге сүйеніп, оның қазіргі жағдайын толық көрсете алмауы мүмкін. Сондықтан азаматтың нақты мұқтаждығын ескеретін, шешімді қайта қарауға мүмкіндік беретін тетік қажет", – дейді ол.
Әлеуметтанушының пікірінше, әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігі отбасының тек ресми табысын немесе мүлкін есептеумен шектелмеуі керек. Мәселен, ауылда ескі баспанасы немесе көлігі бар азаматтың тұрақты жұмысы болмауы мүмкін. Ал ақпараттық жүйе оның мүліктік жағдайына сүйеніп, тұрмыс деңгейін шынайы мүмкіндігінен жоғары бағалауы ықтимал. Сондай-ақ отбасылардың жағдайы қысқа уақыт ішінде өзгеруі мүмкін. Жұмысынан айырылу, ауыр сырқат немесе асыраушысының табыссыз қалуы бұрын әлеуметтік көмекке мұқтаж болмаған адамдарды қиын жағдайға түсіреді.
Айсұлу Молдабекова сондықтан цифрлық жүйедегі шешімдерді қайта қараудың қолжетімді тәртібі болуы қажет екенін атап өтеді.
Ол әлеуметтік көмектен бас тартудың себептерін де бөлек зерттеуді ұсынады. Өйткені мұндай шешімнің артында қаржылық жағдайдың жақсаруымен қатар ақпараттың жетіспеуі, құжат рәсімдеудің қиындығы немесе дербес мәліметтердің құпия сақталуына қатысты алаңдаушылық жатуы мүмкін.
"Меніңше, әлеуметтік картаны азаматтардың құқығын шектейтін автоматты сүзгіге айналдыруға болмайды. Ол отбасының осал тұстарын анықтап, жұмыспен қамту, медициналық, психологиялық және тұрғын үй көмегін үйлестіретін құрал болуы керек. Әлеуметтік саясаттың тиімділігі бюджеттен қанша қаражат үнемделгенімен емес, қанша отбасының қиын жағдайдан шығып, тұрақты өмір сүруге мүмкіндік алғанымен өлшенуі керек", – деді ол.
Ал экономист Ләззат Нұрғалиқызы әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартуды біржақты оң немесе теріс құбылыс деп бағаламауға шақырады. Оның айтуынша, мұндай шешімнің салдары азаматтың еңбек нарығындағы жағдайына, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне және тұрақты табыс көлеміне байланысты.
Егер отбасы мүшелері жұмысқа орналасып, жеткілікті жалақы ала бастаса, мемлекет көмегінсіз өмір сүруі мүмкін. Ал табысы мардымсыз немесе жұмысы тұрақсыз болса, жәрдемақыдан бас тарту отбасы бюджетіне қосымша салмақ түсіреді.
Экономист атаулы әлеуметтік көмек отбасы табысын кедейлік шегіне дейін толықтыруға бағытталғанын еске салды. Сондықтан мұндай төлемнің тоқтауы кейбір азаматтардың күнделікті қажеттіліктерін өтеу мүмкіндігін төмендетуі ықтимал.
"Бір тиынның екі жағы бар" дегендей, бұл жерде де мерзімнің екі жағы бар. Отбасы жұмысқа тұрып, тұрақты табыс тапса, жағдайы жақсарады. Ал жұмысқа тұра алмаса, аз айлыққа жұмыс істесе күнкөріс шегінен шыға алмайды. Сол себепті әлеуметтік төлемнен бас тарту өздігінен жақсы немесе жаман емес. Оның нәтижесі адамның жұмысқа орналасуы мүмкіндігіне және еңбек нарығына байланысты", – дейді ол.
Ләззат Нұрғалиқызы мемлекеттік қолдаудың көлемі мен оны алу талаптары азаматтардың жұмыс істеуге деген ынтасына да әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.
Оның түсіндіруінше, кей жағдайда табыстың өсуіне байланысты әлеуметтік көмектің азаюы азаматтың қосымша еңбектен қаншалықты пайда көретінін өзгертуі ықтимал.
Әсіресе төмен жалақы алатын немесе тұрақсыз жұмыспен қамтылған азаматтар үшін бұл мәселе маңызды.
"Егер азаматтың жалақысы төмен болса, онда көмек табысы өскенменен өзгеге берілетін көмек азаяды. Салдарынан кейбірі жұмыс істегеннен гөрі көмек алу тиімді деп ойлауы мүмкін. Әсіресе, ресми немесе төменгі жалақымен жұмыс істейтіндер үшін ұтымды болып көрінер. Дегенмен Қазақстанда ынталандыру әсері шектеулі. Өйткені салыстырмалы түрде айлық есептік көрсеткіштен әлеуметтік көрсеткіш 9-12 мың теңге шамасында алынып отыр", – деді Ләззат Нұрғалиқызы.
Сонымен бірге экономист әлеуметтік көмектің мақсаты азаматты ұзақ уақыт бойы мемлекеттік төлемге тәуелді ету емес, оның тұрақты табыс табуына жағдай жасау болуы тиіс деп есептейді. Оның пікірінше, жұмыспен қамту, жаңа мамандық игеру және біліктілікті арттыру бағдарламалары әлеуметтік қолдау жүйесімен қатар жүргізілуі қажет.
Мұндай тәсіл азаматтың қысқа мерзімді қиындықтарын жеңілдетумен бірге, болашақта өз еңбегі арқылы табыс табуына мүмкіндік береді.
"Елімізде ондай бастамалар қолданылып жатыр. Әлеуметтік көмек тек кедейлікті азайтып, әлеуметтік шиеліністі төмендетіп қана қоймай, тәуелділік қалпын тудырады және бюджетке ауыртпалық әкелуі де мүмкін. Ал жұмыспен қамту тұрақты табыс, өзін-өзі қамтамасыз етіп, ел экономикасына да үлес қосады. Өйткені кез келген табыс тапқан азамат елімізде салық төлейді. Бұл дегеніміз – еліміздің бюджетіне қосылатын қаржы. Жұмыс орындары жеткіліксіз болса, адам қорғалмай қалуы мүмкін. Сондықтан қалайда оларды қысқа мерзімде қорғап, ұзақ мерзімге тәуелсіз болу үшін мемлекет тарапынан жұмыс тауып беруі – азаматтарымызға өте қажет. Бұл дүниежүзілік тәжірибеде бар. Ең дұрыс жолы әлеуметтік көмекті қысқарту емес, оны жұмыспен қамту және біліктілікті арттыру бағдарламаларымен тығыз байланыста болуы керек. Түйіндей айтсақ, тұрақты шешімге қол жеткізу үшін адамның өз табысы болуы қажет", – деді ол.
Мамандардың пікірін сараласақ, әлеуметтік көмектен бас тарту әрдайым азаматтың тұрмысы жақсарғанын білдіре бермейді.
Шынында да, кәсібін дамытып, тұрақты табысқа қол жеткізген отбасылар мемлекеттік жәрдемақысыз өмір сүруге дайын болуы мүмкін. Мұндай шешім олардың өз мүмкіндіктеріне сенетінін көрсетеді. Алайда кейбір азаматтар қажетті қолдаудан ұялу, айналасындағы адамдардың пікірінен қорқу немесе мемлекеттік қызметті алу тәртібін толық білмеу салдарынан да бас тартуы ықтимал.
Бұл жағдайда жәрдемақы алушылар санының азаюы әлеуметтік мәселелердің толық шешілгенін білдірмейді.
Әлеуметтік саясаттың басты міндеті – мемлекет қаражатын үнемдеумен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтардың дер кезінде көмек алуына мүмкіндік жасау. Сондықтан жаңа цифрлық жүйелерді енгізу кезінде отбасының нақты табысы, өмірлік жағдайы және қолдауға мұқтаждық деңгейі жан-жақты ескерілуі маңызды. Ал әлеуметтік көмектен өз еркімен бас тартқан азаматтардың тәжірибесі мемлекеттік қолдау уақытша қиындықты еңсеруге, кәсіп бастауға және қаржылық дербестікке қол жеткізуге көмектесетін құрал бола алатынын көрсетеді.
Дегенмен жәрдемақыдан бас тартуды бәріне ортақ үлгіге айналдыру дұрыс емес. Әлеуметтік төлемді қажет ететін азамат оны алуға ұялмауы керек. Өйткені мемлекеттік әлеуметтік қолдау – қайырымдылық емес, заңмен қарастырылған құқық. Оның тиімділігі қанша адамның жәрдемақыдан бас тартқанымен емес, қанша отбасының тұрмысын түзеп, тұрақты табысқа қол жеткізе алғанымен бағалануға тиіс.