Алматыда автобус жолдың опырылған бөлігіне түсіп кетті

Бүгін, 20:33 / Жамбыл Жайлау
threads.com/@dirio__n

Алматыда қоғамдық көлік асфальт жабыны опырылған жерге түсіп, қозғалысын жалғастыра алмай қалды. Оқиғаның фотосуреттері әлеуметтік желіде тарады. Жағдайға қатысты "Алматыэлектротранс" компаниясы түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға қала көшелерінің бірінде болған. Threads әлеуметтік желісінде жарияланған суреттерден №30 бағыттағы автобустың жол жабыны ойылған тұсқа түсіп кеткенін көруге болады. Автобустың жолда тұрып қалуы өзге көлік жүргізушілеріне де қолайсыздық туғызған.

Қоғамдық көлік операторының мәліметінше, жағдай белгілі болған бойда автопарк басшылығы оқиға орнына техникалық қызметкерлерді жіберген.

Мамандар автобустың ақауын жою және қозғалысын қалпына келтіру үшін тиісті шаралар қабылдаған. Сонымен қатар компания жол жабынының бүлінген бөлігін жөндеу мәселесін көтерген.

"Басқарма жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында асфальт жабыны ойылған учаскені қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша уәкілетті органдарға тиісті сауал жіберді", – деп хабарлады компания өкілдері.

Тэгтер:

Автобус Алматы