"102+103": Полицей мен жедел жәрдем қызметкерінің махаббаты жұртты тәнті етті

Бүгін, 20:08 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Қарағанды облысының Абай қаласында тұратын полицей мен жедел жәрдем қызметкері әлеуметтік желіде көпшіліктің ықыласына бөленді. Ерлі-зайыптының қызметтік киіммен түсірген бейнежазбалары миллиондаған қаралым жинап, жұрт олардың жарасымды отбасына тәнті болған, деп turkystan.kz тілшісі Tengri Life сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

31 жастағы Зарина Бөпеева тоғыз жылдан бері жедел жәрдем қызметінде еңбек етеді. Ал оның жұбайы, 38 жастағы Марлен полиция қатарында 16 жылдан бері жұмыс істейді.

Қызметтік міндеттері жауапты әрі жұмыс кестелері тығыз болғанымен, ерлі-зайыпты отбасына уақыт тауып, екі баланы тәрбиелеп отыр.

Әлеуметтік желідегі видеолары миллиондаған қаралым жинаған

Зарина әлеуметтік желідегі парақшасында жедел жәрдем қызметкерінің күнделікті жұмысын, мамандығының ерекшеліктерін және өміріндегі қызықты сәттерді көрсетіп отырады. Оның медициналық киіммен түсірген бейнежазбалары миллиондаған қаралым жинаған.

Кейін желі қолданушылары Заринаның жеке өміріне де қызығушылық таныта бастаған. Әсіресе оның полиция қызметкері жұбайымен бірге түсірген видеолары көпшіліктің назарын аударған.

Ерлі-зайыптының қызметтік киіммен түскен бейнежазбалары желіде "102+103" деген атаумен танымал болды.

Айта кетейік, Қазақстанда 102 – полицияның, ал 103 – жедел медициналық көмектің байланыс нөмірі.

Желі қолданушылары қос маманның жарасымды қарым-қатынасына сүйсініп, жылы лебіздерін білдірген.

Полицей мен жедел жәрдем қызметкері қалай танысқан?

Зарина Бөпеева – Қарағанды қаласының тумасы. Қазір отбасымен бірге Қарағанды облысының Абай қаласында тұрады. Ол бала кезінен дәрігер болуды армандаған. Арнайы білім алғаннан кейін жедел жәрдем қызметіне жұмысқа орналасып, содан бері тоғыз жылын осы салаға арнаған.

Ал жұбайы Марлен полиция қызметінде 16 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Заринаның айтуынша, жолдасының отбасында құқық қорғау саласын таңдаған азаматтар аз емес.

"Олар – полиция қызметкерлерінің әулеті, әкесі мен ағасы да полицияда жұмыс істейді", – деді ол.

Ерлі-зайыпты алғаш рет интернет арқылы танысқан. Кейін араларындағы қарым-қатынас тез дамып, көп ұзамай шаңырақ көтерген. Бүгінде олардың отбасын құрғанына 12 жыл болған. Жұптың екі баласы бар. Үлкен ұлы 10 жаста болса, кенже қызы төртке толған.

Тэгтер:

полицей Жедел жәрдем