Елімізде креативті индустрияны экономиканың маңызды саласына айналдыру үшін қандай өзгерістер қажет? Бұл мәселе бүгін «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен өткен жұмыс кеңесінде талқыланды. Жиында «Креативті экономика туралы» заң жобасы қаралып, шығармашылық кәсіп иелерін қолдау, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру және отандық өнімдерді халықаралық нарыққа шығару мәселелері көтерілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов креативті индустрияны экономиканы әртараптандырудың және адами капиталды дамытудың перспективалы бағыты ретінде қарастыратынын жеткізді. Сонымен қатар, фестивальдер мен көрмелерге қатысу, серіктестік байланыстар орнату және шығармашылық өнімдерді тарату арналарын кеңейту қажеттігін атап өтті.
«Креативті индустрияны дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған экономикалық саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте зияткерлік меншікті қорғау, өңірлердегі инфрақұрылымды дамыту және шығармашылық өнімдерді нарыққа шығаруға жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі болмақ.
Жалпы, «Әділет» партиясы креативті индустрияны экономиканы әртараптандырудың, кәсіпкерлік пен адами капиталды дамытудың перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Партияның сайлауалды бағдарламасында шағын бизнесті қорғау, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, қажетті инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі шаралар көзделген.
Біздің мақсатымыз – креативті индустрияның ел экономикасына қосатын үлесін ұдайы арттыру. Бұл саланың ауқымы статистикалық деректерден де көрініп отыр. Қазақстандық шығармашылық өнімдердің ішкі және халықаралық нарықтарға шығуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл ретте фестивальдер мен көрмелерге қатысу, серіктестік байланыстар орнату және өнімдерді тарату арналарын дамыту маңызды», – деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Байтілесов «Әділет» партиясының алдағы жұмысының үш негізгі бағытын атап өтті.
Біріншісі – қосымша талқылауды қажет ететін мәселелерді ескере отырып, қазіргі жасақталып жатқан заңнамалық түзетулер топтамасын одан әрі берік ету және пысықтау.
Екіншісі – қолданыстағы қаржылық және инфрақұрылымдарды қолдау құралдарын қолжетімділігін, оның ішінде өңірлерде креативті индустрияның өкілдері үшін қаншалықты қолайлы екенін бағалау.
Үшіншісі – бірыңғай цифрлық платформаның және авторлық әр сабақтастық құқықтарды ұжымдық басқарудың жаңа тетіктерін іске асырылуын бағалап, қосымша шешімдерді қажет ететін мәселелерді Әділет министрілігінің тұжырымдамасын ескере отырып, анықтаған жөн.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының жетекшісі Дархан Ахмедиевтің айтуынша, елімізде креативті экономиканы дамыту бағытында оң өзгерістер бар. Дегенмен әлі де атқарылатын жұмыстар аз емес. Соның ішінде креативті экономика мен креативті индустрияға қатысты барлық мәселені реттейтін арнайы заң қабылдау маңызды.
Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли креативті индустрияның экономикалық көрсеткіштері мен саланы дамытуға бағытталған заңнамалық өзгерістерге тоқталды.
«2025 жылы креативті индустриялардың жалпы қосылған құны 2,7 триллион теңгеге жетті. Оның 66 пайыздан астамы Алматы мен Астана қалаларының үлесіне тиесілі болды. Креативті индустрия субъектілерінен бюджетке түскен салық түсімдерінің көлемі – 2 миллиард теңгеге жуық. Бұл – мыңдаған кәсіпкердің, маманның, дизайнердің, әзірлеушінің, сәулетшінің және басқа да шығармашылық кәсіп иелерінің еңбегі нәтижесінде қалыптасқан елеулі экономикалық көрсеткіш.
Қазіргі креативті экономиканың ең ірі бағыты – IT және ойын әзірлеу индустриясы (Game Development). Оның жалпы қосылған құндағы үлесі – 41 пайыз. Ал дәстүрлі бағыттардың ішінде сәулет, сән және дизайн салалары елеулі орын алады. Олардың үлесі шамамен 20 пайыз.
Биыл 18 ақпанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталған заң креативті индустриялар секторына мемлекеттік қолдау көрсетудің құқықтық негіздерін бекітіп, уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейтті», – деді Рустам Әли.
Мағжан МОЛДАХМЕТ