Жамбыл облысында бұрынғы енесіне тіл тигізген әйелге сот ескерту жасады

Бүгін, 17:51 / Інжу Әлихан
Фото: ЖИ

Жамбыл облысы Сарысу аудандық соты отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер жасау фактісі бойынша азаматша Б.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz. 

2026 жылдың қазан айында Сарысу ауданының Арыстанды ауылында азаматша Б. үйінде отырып, бұрынғы енесімен жанжалдасып қалған. Жанжал барысында әйел оның атына былапыт сөйлеп, құрметтемеушілік танытып, жәбірленушінің тыныштығын бұзған.

Кінә хаттамамен, тараптардың айғақтарымен және полиция қызметкерінің баянатымен дәлелденді.

Сотта азаматша Б. жанжалдың өзара түсініспеушіліктен туындағанын, нәтижесінде екі тарап та бір-біріне былапыт сөздер айтқанын түсіндіріп, кінәсін мойындады.

Жәбірленуші болған оқиғаның мән-жайын растап, бұрынғы келінін кешіретінін мәлімдеді.

Сот жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.

Сот қаулысымен Б. ӘҚБтК 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған ескерту жарияланды.