Алматыда экологиялық бақылау күшейтілді

Бүгін, 16:39 / Інжу Әлихан
Алматы әкімдігі

«Алматы – таза ауа» акциясы аясында «Eco Almaty» ЖШС мамандары Түрксіб ауданындағы дәмхана, кәуапхана, дүкен және басқа да коммерциялық нысандарды аралады. Кәсіпкерлерге отын, мангал пайдалану және ауаны тазарту жүйелеріне қойылатын талаптар түсіндірілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Санитариялық нормаларға сәйкес, тұрғын және басқа да ғимараттардың ішінде орналасқан қоғамдық тамақтану орындарында көмір мен отын жағатын мангалдар мен тандырды пайдалануға болмайды. Тамақ дайындау үшін газ немесе электр жабдықтарын, сондай-ақ түтінді тазарту жүйелерін қолдану қажет.

Нысан иелеріне 2027 жылы қаңтардан бастап газдандырылған аудандарда күшіне енетін жаңа экологиялық шектеулер де ескертілді. Кәсіпкерлерге осы талаптарға алдын ала дайындалып, табиғи газға көшу ұсынылды.

Көріктендіру қағидаларын бұзғаны үшін дәмханалардың біріне 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Жыл басынан бері Алматыда жалпы сомасы 1,2 млн теңге болатын 11 әкімшілік хаттама толтырылған.

Акция қаланың барлық ауданында жалғасып жатыр.