Астанада 14-23 қараша күндері ерлер мен әйелдер арасында жекелеген жаттығулар бойынша ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының жеке-командалық чемпионаты өтеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Республикалық жарыс «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде өтеді. Чемпионатқа 20 команданың құрамында 13 жастан асқан 200-ге жуық спортшы қатысады.
Ерлер 60, 65, 71, 79, 88, 94, 110 және 110 келіден жоғары сегіз салмақ дәрежесінде сынға түседі. Әйелдер арасында да 48, 53, 58, 63, 69, 77, 86 және 86 келіден жоғары сегіз салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады.
Жарысқа елордалық ауыр атлетика мектебінің өкілдері, оның ішінде Едіге Емберді, Аңсар Тұрсынбек, Шынар Емберді, Нұрәділ Темірбек және Ахмет Болат қатысады.
14 қараша күн командалар бас қосады, ал 15 қарашада мандаттық комиссия мен төрешілер алқасының отырысы өтеді.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі 17 қараша күні сағат 13:00-де басталады. Жарыс кезеңі 16-22 қараша аралығында өтеді.