Өтінімнен нәтижеге дейін – Құрылтай ғылыми қызметтің барлық кезеңін цифрландыруды ұсынады

Бүгін, 12:48 / Дана Ізтілеуова
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Ғылыми басымдықтарды айқындау кезінде ел алдында тұрған нақты міндеттер ескерілуге тиіс. Бұл туралы Құрылтайда Жоғары аудиторлық палатаның ғылым мәселелері жөніндегі есебін тыңдау барысында Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, қолданбалы зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер жобаның қандай мәселені шешетінін, оның нәтижелері кімге қажет екенін және олар қайда қолданылатынын алдын ала анықтау ұсынылады.

Сондай-ақ, Комитет салалық министрліктердің, кәсіпорындардың және ғылыми қоғамдастықтың қатысуымен ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастыру тәртібін жетілдіруді ұсынып отыр. Бизнестің қатысуы міндет қоюдан бастап, сынақ және енгізу кезеңдерінде жалғасуы керек. Кәсіпорындар өндірістік алаңдарды ұсына алады, нәтижелерді тексеруге қатысады және перспективалық әзірлемелерді бірлесіп қаржыландырады.

Ол үшін ғылым мен бизнестің бірлескен жұмыс тетіктерін, соның ішінде тараптардың міндеттемелерін, зияткерлік меншікті пайдалану шарттарын және кәсіпорындардың енгізуге қатысуын айқындаған жөн.

Дархан Ахмедиевтің пікірінше, осының нәтижесінде еңбек өнімділігін арттыратын, өзіндік құнды төмендететін, ресурстарды үнемдейтін және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін шешімдер пайда болуға тиіс.

Ғалымдардың әкімшілік жүктемесі азайтылмақ

Сондай-ақ, Құрылтайда ғылымды қаржыландырудың болжамдылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз ету ұсынылды. Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев Жоғары аудиторлық палатаның ғылымды дамыту саласындағы мемлекеттік аудит қорытындылары туралы есебін қарау кезінде осындай бастама көтерді.

Депутаттар негізгі рәсімдердің келісілген күнтізбесін және мерзімдердің сақталуын бақылауды белгілеуді ұсынып отыр.

– Ғалымдар конкурс жарияланатын, шешім қабылданатын, шарт жасалатын және қаражат түсетін уақытты алдын ала білуге тиіс. Бұл зерттеулерге уақыт үнемдеуге, сондай-ақ ғылыми ұжымдардың сатып алуы мен жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді, – деді Дархан Ахмедиев.

Сонымен қатар, ғалымдарға әкімшілік жүктемені азайту ұсынылып отыр. Ол үшін есептіліктің құрамын қайта қарап, сол мәліметтердің қайта ұсынылуын тоқтатып, қолда бар мемлекеттік деректерді пайдалану қажет.

Бұған қоса, есеп беру талаптарын қаржыландыру көлеміне және зерттеу ерекшеліктеріне сәйкес жасау ұсынылды. Құрылтайдың салалық комитетінің төрағасы атап өткендей, жабдық пен қаржыландыру сияқты, ғалымның жұмыс уақыты да – құнды ресурс.

«Қазақстан ғылымы» жүйесі жетілдірілмек

Құрылтайда цифрландыруды ғылыми жобаның тұтас өмірлік цикліне тарату ұсынылды.

Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан ғылымы» ақпараттық жүйесін құруда. Комитет өтінім беру мен сараптамадан бастап шарт жасасуға, қаржыландыруға және жобадан кейінгі мониторингке дейінгі барлық кезеңдерді автоматтандыруды ұсынады.

Атап айтқанда, әр жоба үшін бірыңғай цифрлық тарихты қалыптастыру ұсынылып отыр. Оның аясына қойылған міндет, сараптамалық қорытындылар, қабылданған шешімдер, қаражаттың қозғалысы, мерзімдердің өзгеруі және қол жеткізілген нәтижелер кіреді. Бұл қайталанған зерттеулерді анықтауға, мерзімдердің сақталуын бақылауға, шешімдердің қадағалануын қамтамасыз етуге және мүдделер қақтығысы ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қазір қолданылып жүрген ақпараттық жүйелердің бірлескен жұмысын, деректерге қойылатын бірыңғай талаптарды қамтамасыз ету және мәліметтерді қайта енгізуді болдырмау ұсынылады. Бұл ғалымдар үшін – рәсімдер мен есептіліктің аз болуына, мемлекет үшін – жобалардың барысын көріп, уақтылы шешім қабылдауға мүмкіндік туғызуға тиіс.

Комитет осы жұмыстың кезеңдерін, мерзімдерін және жауаптыларды анықтауды ұсына отырып, оны парламенттік бақылауға алады.

Ғылыми жобаларға қаражат бөлудің жаңа тәртібі әзірленбек

Одан бөлек, Құрылтайда жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндетті аударымдарын пайдалану тәртібін жетілдіру ұсынылды. Мұндай аударымдардың мөлшері өндіріске кететін шығындардың 1%-ын құрайды.

Құрылтай депутаты, Дархан Ахмедиев Құрылтайда Жоғары аудиторлық палатаның ғылымды дамыту саласындағы мемлекеттік аудиттің қорытындылары туралы есебін қарау барысында атап өткендей, бұл қаражат еліміздің өнеркәсібі мен экономикасына қажетті зерттеулер мен технологияларға бағытталуға тиіс. Қаржы министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың тоғыз айында осы бағыт бойынша 4,5 млрд теңге түскен.

Комитет бұл қаражатты бөлек есепке алып, жобаларды ашық конкурстық іріктеуді қарастыруды ұсынып отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, уақтылы қаржыландыру мен мониторингке жауапты оператор ұйымды айқындауды ұсынды. Операторды таңдау кезінде функциялардың қайталануын болдырмау үшін жұмыс істеп тұрған ұйымдардың мүмкіндіктері мен әкімшілендіру құны ескерілгені жөн.

Сондай-ақ, технологиялық сұранысты қалыптастырудан бастап, нәтижелерді растауға дейінгі барлық кезеңдерде салалық министрліктердің келісілген жұмысын қамтамасыз ету ұсынылды.

Басым бағыттар ретінде өндіру мен қайта өңдеу тиімділігін арттыру, ресурс үнемдеу, өнеркәсіптік қауіпсіздік, экология және өндірістік процестерді цифрландыру белгіленді.