«Әділет» партиясының Жастар қанаты еліміздегі 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланы қамтитын «Вандализмге жол жоқ!» акциясын жалғастыруда. Бұл жолы бастамаға 2 мыңнан астам белсенді жас қатысуда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған заңды құрметтеу, тәртіп сақтау және ел игілігі үшін еңбек ету қағидаттары «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында қолға алынған акцияның негізгі бағытымен үндеседі. Бастама тарихи мұраны сақтауға және жастар арасында қоғамдық мүлікке жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Осы мақсатта белсенділер тарихи-мәдени нысандар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, ескерткіштердегі граффити жазуларын өшіруде. Акцияның қазіргі кезеңіндегі жұмыстар Абай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында жүргізіліп жатыр.
Павлодарда белсенділер 1930 жылдардағы қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің аумағын тазалады. «Жастар Рухы» жастар қанаты облыстық филиалының белсендісі Мерей Сапарова мұндай орындарды күтіп ұстаудың тарихи жадыны сақтаудағы маңызын атап өтті.
«Бұл ескерткіш – қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарында қаза тапқан азаматтарды еске алатын тағылымды орын. Ол халқымыз бастан өткерген қасіретті ұмытпауға, тарихтан сабақ алуға үндейді. Сондықтан мұндай орындардың тазалығы мен сақталуына бейжай қарамауымыз керек. Біз ескерткіштің аумағын ретке келтіріп қана қоймай, тарихи жадымызға құрмет көрсеткіміз келеді», – деді Мерей Сапарова.
«Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитовтың айтуынша, акция аясында бұған дейін де еліміздің бірқатар табиғи және тарихи орындарында тазалық жұмыстары жүргізілген.
«Бұған дейін еліміздегі Кемпіртас, Жұмбақтас және өзге де көрікті әрі тарихи орындарды ретке келтірген болатынбыз. Қазір акция еліміздің барлық өңірінде өткізілуде. Жастар қанатының белсенділері ескерткіштер мен тарихи орындарды граффити іздерінен, түрлі жазулар мен қоқыстан тазартуда», – деді Ержан Хамитов.
Павлодардан бөлек, Абай облысында да қоғамдық орындарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Семей қаласында жастар Орталық саябақтағы ескерткіштер мен орындықтардағы граффити жазуларын өшіріп, қоғамдық аумақты ретке келтірді. Сонымен қатар қала тұрғындары арасында вандализм мәселесіне қатысты сауалнама жүргізіп, олардың қоғамдық мүлікті бүлдіруге деген көзқарасын білді.
Солтүстік Қазақстан облысында белсенділер М. Жұмабаев атындағы скверді қоқыстан тазартып, ақын ескерткішін ретке келтірді. Ал Орал қаласында «Стелла» саябағындағы «Жауынгерлерге мәңгілік тағзым» ескерткішінің маңында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Айта кетейік, «Вандализмге жол жоқ!» республикалық акциясы басталғалы 6 мыңнан астам жас 100-ге жуық тарихи нысан мен ескерткішті тазалауға атсалысты. Бастама еліміздің барлық өңірінде жалғасады.