Алматы облысының Іле ауданында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті. «Әділет» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған жиында ауыл шаруашылығын қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту және өңір экономикасын дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақши ауылында өткен кездесуге партияның Алматы облыстық филиалының басшысы Данияр Қасқарауов, аудандық филиал өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген тапсырмалар таныстырылды. Атап айтқанда, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағыттарына назар аударылды.
Алматы облысына қатысты бастамалардың қатарында Алатау қаласын инвестиция мен кәсіпкерлікке қолайлы орталық ретінде дамыту және Қаскелеңде көпбейінді балалар ауруханасын салу мәселелері бар.
«Президент Жолдауында Алматы облысының дамуына тікелей әсер ететін нақты жобалар қамтылған. Алатау қаласын дамыту жаңа инвестициялар мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал медициналық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Біздің міндетіміз – осы бастамалардың маңызын халыққа түсіндіру. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының басшысы Данияр Қасқарауов.
Кездесуде аграрлық секторға ерекше назар аударылды. Президент Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, заманауи технологияларды енгізу, өнімді сақтау және өткізу жүйесін жетілдіру міндеттері қойылған. Сондай-ақ шағын шаруа қожалықтарының агрологистика орталықтарының қызметін кедергісіз пайдалануына жағдай жасау қажеттігі айтылған.
Ал «Байсейіт» бастауыш партия ұйымының төрағасы Сәкен Жансаров ауыл кәсіпкерлері үшін қаржыландыру мен өнімді өткізу мәселелерінің өзектілігін атап өтті.
«Ауылдағы кәсіпкер үшін ең маңыздысы – тұрақты жұмыс істеп, өндірген өнімін тиімді бағамен өткізу. Ол үшін қолжетімді қаржы, заманауи технология және дайын нарық қажет. Президент Жолдауында осы мәселелерге назар аударылған. Енді бұл мүмкіндіктер шағын шаруашылықтарға да қолжетімді болуы маңызды», – деді Сәкен Жансаров.
Жиын барысында қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу және нарыққа шығару мәселелері жөнінде пікір алмасты. Шағын шаруашылықтардың мүмкіндіктерін кеңейту және аграрлық салаға жаңа технологияларды енгізу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Айта кетейік, «Әділет» партиясының Алматы облыстық филиалы Президент Жолдауын түсіндіру жұмыстарын өңірдің өзге аудан-қалаларында да жалғастырады.