Құрылтай ғылымды қаржыландырудың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірледі

Бүгін, 11:26 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Құрылтай депутаттары Жоғары аудиторлық палатаның ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына, жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті аударымдары есебінен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетігінің жұмыс істеу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит туралы есебін қарау қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыным әзірледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, Үкіметке ғылыми жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерін – өтінімдерді қалыптастырудан, сараптамалық қорытындыларды келісу мен қараудан, шарт жасасудан бастап жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізуге дейінгі аралықты толық автоматтандыруды қамтамасыз ету ұсынылды.

Ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылын дамытуға ерекше назар аудару ұсынылып отыр. Ол үшін ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға бизнес-құрылымдарды тартуды, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің нәтижелерін сынақтан өткізуге және іс жүзінде ендіруге кәсіпорындардың қатысуын қамтитын бірлескен жобаларды іске асыру тетіктерін әзірлеу қажет.

Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұлттық экономика мен бизнестің қажеттіліктерін ескере отырып, ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың басым бағыттарын айқындау және қаражатты осы бағыттардағы зерттеулерді іске асыруға шоғырландыру ұсынылды.

Сонымен қатар ведомство ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың болжамдылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуі қажет. Ол үшін гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстарды уақтылы өткізу, өтінімдерге ғылыми сараптама жүргізуді ұйымдастыру және ғылыми жобаларды іске асыратын ұйымдармен шарттар жасасу маңызды.