Болгарияда 86 автокөлік апатқа ұшырады: Қаралы күн жарияланды

Бүгін, 10:53 / Алуа Арман
Фото: Bulgarian News Agency

Болгариядағы «Тракия» автомагистралінде ірі жол апаты болды. Ямбол қаласының маңында болған екі жаппай соқтығысуға 86 көлік қатысқан. Салдарынан 11 адам қаза тауып, тағы 51 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Болгария Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, он адам оқиға орнында көз жұмған, тағы бір адам ауруханада қайтыс болған. Ауруханаға жатқызылғандардың 13-інің жағдайы ауыр. Зардап шеккендер үш аймақтың медициналық мекемелеріне бөлінген: 33 адам Сливен, 11 адам Ямбол, тағы жеті адам Бургас қаласындағы ауруханаларға жеткізілді.

Зардап шеккендердің арасында Румыния азаматы да бар. Ол Бургас қаласындағы Heart and Brain ауруханасына тағы бес адаммен бірге жеткізілген. Олардың үшеуі ер адам, үшеуі әйел. Медициналық мекеменің мәліметінше, алты науқастың да жағдайы тұрақты. Төртеуінің жарақаты жеңілдеу болса, тағы екеуі бірнеше жерінен жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен. Бір науқасқа ота жасау қажет болған, ал екіншісіне кеуде және іш қуысы жарақаттануы мүмкін деген күдікпен компьютерлік томография жасалған.

Полицияның мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында балалар жоқ.

Екі жаппай жол апаты 10 қараша күні таңертең Зимница жолайрығы маңындағы тасжолда болған. Бір бағытта 63 көлік, ал қарсы бағытта тағы 23 көлік соқтығысқан. Құқық қорғау органдарының алдын ала болжамы бойынша, бұған кенеттен қою тұман түсуі себеп болуы мүмкін. Хабарланғандай, жолдағы көріну қашықтығы шамамен 70–80 метрге дейін төмендеген. Сондай-ақ жолдың дымқыл болуы мен ауа райына сай келмейтін жылдамдық та апатқа себеп болуы ықтимал.

Алғашқы соқтығыс жүк көлігі жолаушылар автобусына жол бермей, қозғалысты бөгегеннен кейін басталған. Кейін қарсы бағыттағы жолақта тағы бір жаппай жол апаты болған. Тергеу нұсқасы бойынша, жүргізушілер алғашқы апатқа назар аударып, алаңдап кетуі мүмкін.

Зардап шеккендерді құтқару жұмыстарына бірнеше аймақтың жедел медициналық жәрдем бригадалары, өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Қою тұманға байланысты медициналық тікұшақ апат орнына қона алмаған. Сондықтан оның экипажы оқиға орнына полиция көліктерімен жеткізілген. Ауыр жараланғандарды эвакуациялау қажет болған жағдайда пайдалану үшін әскери көлік ұшақтары да дайындалған.

Екі соқтығыс бойынша жеке-жеке тергеу басталды. Болгарияда 11 қараша қаза тапқандарды аза тұту күні болып жарияланды.

Тэгтер:

Автокөлік апат Болгария