Кәсіпкерлер, педагогтер, сарапшылар мен дәрігерлер Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің жүзеге асырылу барысын талқылап, алдағы уақытта Құрылтай депутаттарымен бірлесіп пысықтауға арналған ұсыныстарын ортаға салды. Кездесу барысында цифрлық технологияларды дамытуға, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге, білім алуға тең жағдай қалыптастыруға, отбасыларға қолдау көрсетуге, сондай-ақ мамандардың еңбек жағдайы мен медициналық көмектің қолжетімділігіне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Әлия Адамбаева Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыру барысында тұрғындармен тұрақты байланыс орнатудың және кең ауқымды кәсіби қауымдастық өкілдері қатысуының маңызын атап өтті.
«Екі аптада партияның қатысуымен еліміздің барлық өңірінде тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен 8,5 мыңнан астам кездесу өтті. Ендігі маңызды міндет – қазақстандықтардың іс жүзінде қандай мәселелерге тап болатынын түсініп, оларды шешу жолдарын айқындау. Өңірлердің дамуы, сапалы білім мен медицинаның қолжетімділігі, әр отбасының әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Сондықтан азаматтардың ұсынысын, сарапшылардың кәсіби тәжірибесін және депутаттық корпустың мүмкіндігін біріктіру қажет. Бүгінгі талқылау қорытындысы бойынша Әйелдер қанаты Құрылтай депутаттарымен бірлесіп пысықтайтын бастамаларды айқындаймыз», – деді Әлия Адамбаева.
Кездесудің негізгі бөлігі цифрландыру, кәсіпкерлікті дамыту және өңір тұрғындары үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелеріне арналды. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айсұлу Сүлеймен цифрлық экономиканы дамыту қадамы азаматтарға нақты пайдасын тигізіп, кәсіпкерлікпен айналысуға, жаңа мамандықтарды меңгеруге және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға жағдай жасауға тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауылдық жерлерде тұратын әйелдердің цифрлық және кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңейтуге айрықша көңіл бөлу қажет.
«Қолға алынған бағдарламалардың саны емес, адамдардың қандай мәселелерін шешуге көмектесетіні маңызды. Егер ауылдағы әйел өз өнімін еліміздің кез келген өңірінде сата алса, жас маман өз технологияларын әзірлесе, ал азамат мемлекеттік қызметтерді уақыт жоғалтпай алатын болса, цифрландырудың нақты нәтижесі дегеніміз – осы», – деді депутат.
Өңірлерді кешенді түрде нығайту тақырыбын жалғастырған Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Шолпан Каринова еліміздің барлық өңіріндегі тұрғындар үшін тең жағдай жасау қажет екеніне назар аударды. Оның айтуынша, білім беру, спорт, мәдениет және медициналық инфрақұрылымды дамыту қадамдары тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған өзара тығыз байланысты салалар ретінде қарастырылуы керек.
«Басты міндет – тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір адамға тең әрі жайлы жағдай жасау. Қолжетімді мектептер, спорт және мәдениет нысандары, емханалар мен ауруханалар, абаттандырылған елді мекендер – мұның бәрі адамдардың әл-ауқатына тікелей әсер етуге тиіс. Сондықтан Президент Жолдауында өңірлерді нығайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Әрбір қала мен ауыл тұрғыны толыққанды өмір сүруге, білім алуға және дамуға қажетті мүмкіндіктерге ие болуы – аса маңызды», – деді ол.
Талқылау барысындағы маңызды бағыттардың бірі – білім беру және экономика қажеттілігіне сай кадр даярлау. Астанадағы технологиялық колледждің директоры Ләззат Разбекова жастарды қазіргі еңбек нарығына бейімдеу, техникалық және кәсіптік білім беру ісін дамыту, сондай-ақ өскелең ұрпақты «Адал азамат» құндылықтары негізінде тәрбиелеу мәселелерін көтерді.
Білім беру үдерісіне жасанды интеллектіні енгізу және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білім алуына тең мүмкіндік жасау мәселесіне де жеке назар аударылды. Астана қаласындағы Әйелдер күші альянсының төрайымы, №91 мектеп-гимназия директоры Алмагүл Сегізбай цифрлық технологиялардың дамуы оқушыларға білім беру ісінде жаңа тәсілдерді қажет ететінін атап өтті. Сонымен қатар технологиялар педагогтердің жұмысын алмастырмай, керісінше, олардың қызметін толықтырып, тиімділігін арттыруға тиіс.
«Жасанды интеллект дәуірінде цифрлық сауаттылық, сыни ойлау және зерттей білу дағдылары – аса маңызды. Мемлекеттің болашағы бала тәрбиесінен басталады. Бұл – отбасының, мектептің және қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әсіресе аналарға, көпбалалы отбасыларға және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға айрықша көңіл бөліп, қолдау көрсету қажет», – деді Алмагүл Сегізбай.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласы және медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін арттыру мәселелері де қозғалды. Қатысушылар аурулардың алдын алу, ерте диагностикалау және тұрғындарды білікті медициналық көмекпен қамтамасыз ету ісінің маңызы талқылады. Астана қаласы Әйелдер қанатының тең төрайымы, Эндохирургия клиникасының директоры Салтанат Женалаеваның айтуынша, медицина қызметкерлеріне жүйелі түрде қолдау көрсетілмейінше, медициналық көмектің сапасы артпайды. Себебі пациенттердің денсаулығы мамандардың кәсіби шеберлігі мен еңбек жағдайына тікелей байланысты.
Сегіз перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы туралы айта келе, сарапшылар жаңа нысандарды салу ісі бейінді мамандар даярлау, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және тиімді басқару жүйесін енгізу ісімен қатар жүруі қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ талқылауға Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ психология кафедрасының меңгерушісі Әлия Мәмбеталина, «Қанаттылар» инклюзивті театры жетекшісінің орынбасары Мадина Турдалиева, Астана қаласы әкімдігінің Техникалық колледжі директорының орынбасары Мөлдір Мырзалиева және №13 қалалық емхананың директоры Жанерке Ажетова қатысты. Қатысушылар әйелдердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту және олардың қоғамдық өмірге араласуын арттыру, отбасыларды қолдау, инклюзивті білім беру ісін дамыту және психологиялық денсаулықты нығайту мәселелерін назарға алды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылардың ұсыныстарын жүйелеп, оларды Құрылтай депутаттарымен және тиісті мемлекеттік органдармен бірге пысықтау жоспарланып отыр. Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында заңнамалық және ұйымдастырушылық шешімдерді қажет ететін мәселелерге ерекше назар аударылады.