Disney компаниясының әйгілі «Бэмби» мультфильміндегі басты кейіпкерді дыбыстаған америкалық актер Донни Данаган 92 жасында қайтыс болды. Ол бала кезінде кино әлеміне танылғанымен, кейін актерлікті тастап, әскери қызметке кеткен. Тіпті 25 жыл бойы әріптестерінен өзінің «Бэмби» мультфильміне қатысқанын жасырып келген. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Данаган 4 қарашада өкпе қатерлі ісігінен көз жұмған. Оның өкілдері Крис Джонс пен Нери Лемус актердің дүниеден өтер алдында жақындарына қайғырмауды өтінгенін жеткізді.
«Ол бізге ұзақ әрі керемет өмір сүргенін айтып, қайғырмауды сұрады. Донни адамдарды жігерлендіріп, олардың өз мүмкіндіктеріне сенуіне көмектесетін. Оның өмірге деген құштарлығы ерекше еді», – делінген өкілдерінің мәлімдемесінде.
Донни Данаган 1934 жылы 16 тамызда дүниеге келген. Үш жасында би байқауында жеңіске жетіп, Голливудтағы талант іздеушілердің назарына түскен. 1938 жылы алғаш рет киноға түсіп, кейін «Франкенштейннің ұлы», «Лондон мұнарасы» және басқа да фильмдерде ойнаған.
Алты жасында ол Disney студиясының «Бэмби» мультфильміндегі кішкентай бұғының дауысын жазуға шақырылған. 1942 жылы жарық көрген бұл туынды кейін анимация тарихындағы ең танымал фильмдердің біріне айналды.
Алайда «Бэмби» Данаганның кинодағы соңғы жұмысы болды. Ол 1952 жылы, 18 жасында АҚШ теңіз жаяу әскерлерінің қатарына қосылды. Әскери қызмет барысында Вьетнам соғысына үш рет қатысып, 1977 жылы майор шенімен зейнетке шыққан.
Ерлігі үшін ол «Қола жұлдыз» орденімен және ұрыс кезінде жараланған әскери қызметшілерге берілетін үш «Күлгін жүрек» медалімен марапатталған.
Бір қызығы, Данаган әскери қызметте жүргенде өзінің бала кезінде әйгілі мультфильмді дыбыстағанын ешкімге айтпаған. Өйткені қарамағындағы сарбаздардың оны «майор Бэмби» деп атағанын қаламаған.
Алайда кейін бұл құпияны жасырғанына өкінген.
«Өмірімдегі ең үлкен өкінішімнің бірі – жақын достарыма Уолт Диснейдің керемет туындысына қатысқанымды айтуға батылым жетпегені», – деген ол 2015 жылы NPR радиосына берген сұхбатында.
Кейінгі жылдары Данаган өзінің әйгілі рөлін мақтанышпен еске алып, Disney ұйымдастырған іс-шараларға қатысып жүрген.
Ол бір сұхбатында әскери қызметте көптеген марапат алғанымен, адамдардың өзін ең алдымен Бэмбидің дауысы ретінде танитынын айтқан. Уақыт өте келе мұның өзі үшін ерекше қымбат естелікке айналғанын мойындаған.