Әлемдегі ең танымал инвесторлардың бірі Уоррен Баффетт 48 жыл бойы кәдімгі су ішпегенін айтқан. Ол судың орнына шие дәмі бар Coca-Cola ішкенді ұнатады. Бұл туралы миллиардер инвестор Билл Экман Equity Mates Investing подкастында айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Экманның сөзінше, бірнеше жыл бұрын Баффетт оның үйіне қонаққа келген. Үй иесі оның сүйікті сусыны Cherry Coke екенін біліп, алдын ала сатып алып қойған. Дегенмен дастарқан басында қонағына жай немесе газдалған су ұсынған.
«Мен одан су ішпейсіз бе деп сұрадым. Ол маған: "Билл, мен 48 жылдан бері су ішкен емеспін", – деп жауап берді», – дейді Экман.
Баффетт бұған дейін де күніне кемінде бес құты Coca-Cola ішетінін айтқан. 2015 жылы Fortune басылымына берген сұхбатында ол күнделікті тұтынатын калориясының төрттен бірін осы сусыннан алатынын әзілмен жеткізген.
96 жастағы миллиардер гамбургер, картоп фри, балмұздақ пен тәттілерді де жақсы көреді. Ол өзінің тамақтану әдетін бала кезіндегі талғамымен жиі салыстырады.
Бір қызығы, Баффетттің Berkshire Hathaway компаниясы Coca-Cola-ның ірі акционерлерінің бірі. Инвестор бұл компанияның акцияларын 1988 жылдан бастап сатып алған.
Дегенмен Баффетттің шынымен 48 жыл бойы су ішпегені тәуелсіз түрде расталмаған. Бұл – оның бірнеше жыл бұрынғы жеке әңгімесінде айтылған сөз.
Мамандар қантты газдалған сусындарды шамадан тыс тұтыну денсаулыққа зиян екенін ескертеді. Сондықтан миллиардердің ұзақ өмір сүруін оның тамақтану әдетімен байланыстыруға ғылыми негіз жоқ.