Ғалымдар "ақырзаман" 13 қарашада болады деп болжаған: 66 жыл бұрынғы зерттеу қайта талқыланып жатыр

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат

13 қарашада ақырзаман болуы мүмкін деген болжам әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Бір қызығы, бұл болжамды көріпкелдер емес, ғалымдар жасаған. Тіпті олардың зерттеуі 1960 жылы әлемдегі ең беделді ғылыми басылымдардың бірі Science журналында жарияланған. Алайда 66 жыл бұрын жасалған есептің бүгінгі шындыққа қаншалықты сәйкес келетініне қатысты маңызды жайт бар, деп хабарлайды turkystan.kz.

1960 жылғы 4 қарашада Иллинойс университетінің ғалымдары Хайнц фон Фёрстер, Патриция Мора және Лоуренс Амиот «Ақырзаман: жұма, 2026 жылғы 13 қараша» (Doomsday: Friday, 13 November, A.D. 2026) деген зерттеуін жариялаған.

Олар әлем халқының соңғы екі мың жылдағы өсімін талдап, адамзат саны болашақта қалай өзгеретінін есептеуге тырысқан. Ғалымдар әртүрлі тарихи кезеңдердегі халық санына қатысты 24 деректі пайдаланып, математикалық модель жасаған.

Зерттеушілердің назарын аударған басты ерекшелік – адамзат санының барған сайын жылдам өсуі. Тарихтың ерте кезеңдерінде халық санының екі еселенуіне ғасырлар қажет болса, кейін бұл уақыт біртіндеп қысқара бастаған.

Ғалымдар осы үрдіс өзгеріссіз жалғасқан жағдайда не болатынын есептеген. Нәтижесінде олардың математикалық моделі 2026 жылғы 13 қарашада Жер халқының саны шексіздікке ұмтылатынын көрсеткен.

Яғни адамзат ядролық соғыс, астероид немесе табиғи апат салдарынан емес, халық санының шектен тыс өсуінен дағдарысқа тап болуы мүмкін деген тұжырым жасалған.

Авторлар тіпті болашақ ұрпақ аштықтан емес, адам санының шамадан тыс көбеюінен зардап шегетінін әзілмен сипаттаған.

Алайда зерттеудің маңызды шарты болған: мұндай нәтиже халық саны алдыңғы екі мың жылдағыдай қарқынмен өсе берген жағдайда ғана мүмкін еді.

Ал шынайы өмірде жағдай басқаша өрбіді. Ғалымдардың математикалық моделі бірнеше онжылдық бойы халық санының өсуін салыстырмалы түрде дәл сипаттаған. Бірақ 1990 жылдардан бастап нақты демографиялық көрсеткіштер болжамнан алшақтай бастады.

Әлемнің көптеген елінде туу көрсеткіші төмендеп, халық санының өсу қарқыны баяулады. Қазір Жер шарында шамамен 8,3 миллиард адам өмір сүреді.

БҰҰ-ның қазіргі демографиялық болжамына сәйкес, әлем халқының саны 2080 жылдардың ортасында шамамен 10,3 миллиардқа жетіп, одан кейін біртіндеп азая бастайды.

Канаданың Батыс университетінің тарихшысы Алан Макэкерннің айтуынша, 1960 жылғы зерттеудің ерекшелігі ғылыми есептеулер мен әдейі назар аудартатын тұжырымның ұштасуында.

Оның пікірінше, авторлар адамзаттың болашағына қатысты маңызды мәселеге жұртшылықтың назарын аудару үшін әсірелеу тәсілін де пайдаланған.

Шын мәнінде, зерттеу 2026 жылғы 13 қарашада әлем міндетті түрде жойылады дегенді дәлелдемейді. Ол белгілі бір математикалық модельдің шегін көрсеткен. Ал сол модель негізделген демографиялық үрдістер кейін өзгерген.

Соған қарамастан бұл зерттеу ғылым тарихындағы ерекше еңбектердің бірі болып қалды. Өйткені ол халық санының шексіз өсуі мүмкін емес екенін және адамзаттың болашағын болжағанда әлеуметтік, экономикалық және демографиялық өзгерістерді ескеру қажеттігін көрсетті.

Осылайша 66 жыл бұрын «ақырзаман күні» ретінде аталған 2026 жылғы 13 қарашаға небәрі үш күн қалды. Алайда қазіргі ғылыми деректер бұл күні қандай да бір жаһандық апат болатынын көрсетпейді.

Тэгтер:

ғылым ғалымдар ақырзаман