Павлодар тұрғыны бейтаныс адаммен ішімдік ішемін деп ауруханадан бір-ақ шықты

Бүгін, 23:00 / Жамбыл Жайлау
pexels.com

Павлодарда бірге ішімдік ішкен екі ер адамның арасындағы жанжал төбелеске ұласты. Соның салдарынан ауыр жарақат алған тұрғын ауруханаға түсіп, кейін есте сақтау қабілеті нашарлаған. Оқиғаға қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Ирбис ТВ" телеарнасының мәліметінше, Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша іс қаралған.

Тергеу барысында бұған дейін бір-бірін танымайтын екі ер адамның танысып, бірге ішімдік ішкені анықталды. Алайда ішімдік ішу кезінде олардың арасында келіспеушілік туындап, соңы төбелеске ұласқан.

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы қарсыласын алдымен басынан жұдырықпен ұрған. Жәбірленуші жерге құлағаннан кейін де оны бірнеше рет тепкен. Салдарынан ер адам есінен танып, ауыр жарақат алған.

Жәбірленуші сотта болған оқиғаның мән-жайын баяндап берген.

"Жәбірленушінің сотта берген жауабына қарағанда, айыпталушымен бірге ішімдік ішіп отырған кезде сөзге келіп қалған. Сол кезде айыпталушы оның басынан жұдырықпен ұрған. Салдарынан ол жерге құлаған. Артынша айыпталушы басынан бірнеше рет тепкен. Қолымен және аяғымен барлығы 3-4 рет соққы жасаған. Жәбірленуші есінен танып қалған. Ауруханадан шыққаннан кейін алған жарақатына байланысты есте сақтау қабілетінен айырылған. Қазір біртіндеп есіне түсіріп жатыр", – делінген сот қаулысында.

Осылайша, төбелестен кейін ауруханаға жеткізілген азаматтың есте сақтау қабілеті бұзылған. Қазіргі уақытта оның жады біртіндеп қалпына келіп жатқаны айтылды.

Істі қарау барысында айыпталушының шизофрения диагнозы бар екені белгілі болды. Сот ұсынылған дәлелдемелерді зерттеп, оның аталған әрекетті жасағанын анықтады. Алайда сотталушының психикалық жағдайына байланысты оған қылмыстық жаза тағайындалған жоқ.

Сот материалдарына сәйкес, ер адам оқиға болған кезде де, істі қарау барысында да өз әрекетінің мәнін түсініп, оған есеп бере алмаған. Осы мән-жайларды ескерген сот айыпталушыға қатысты үкім емес, қаулы қабылдады. Сот шешімімен ер адам психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі емдеуге жіберілді.

Тэгтер:

Павлодар