«Әділет» партиясында төрелік жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды

Бүгін, 18:00 / Дана Ізтілеуова
Фото: М.Молдахмет

«Әділет» партиясының ұйымдастыруымен «Төрелік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Жиында төрелік жүйесін жетілдіру, төрешілердің кәсіби біліктілігін арттыру, төрелік ұйымдардың ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, сот төрелігінің тиімділігін арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету – құқықтық мемлекетті дамытудың маңызды бағыттары. «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесовтің айтуынша, осы мақсаттарға жетуде төрелік институтын дамыту, дауларды шешудің балама тетіктерін жетілдіру және қабылданған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ету айрықша маңызға ие.

«Әділет»  партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында Заң мен тәртіп қағидатын нығайту мен тиімді институттарды маңызды бағыт ретінде беріледі. Осы мақсаттарға жетудің бір жолы – азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық тетіктерін жетілдіру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа жолдаған Жолдауында тиімді сот төрелігінің елдің инвестициялық тартымдылығын арттырудағы маңызды рөлін атап өтті. Төрелік – азаматтық құқықтық дауларды шешудің балама жолдарының бірі. Ол азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейтеді.  Кәсіпкерлік орта үшін рәсімдердің түсінікті болуы, төрешілердің тәуелсіздігі және қабылданған шешімдердің орындалуы ерекше маңызды», – дейді Әділет партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов.

Нұрсұлтан Байтілесовтің айтуынша, ұсынылып отырған заң жобасы төрелік жүйесін жетілдіруге бағытталған үш негізгі бағытты қамтиды.

Бірінші – төрелікті институционалдық тұрғыдан дамыту. Бірыңғай төрешілер тізіліммен тұрақты жұмыс істейтін төреліктер тізілімін құру. Үлгілік регламентті бекіту. Төрелік ұйымдарының есептілігі мен ақпараттығын, ашықтығын арттыру көзделген. Сонымен қатар заң жобасында Қазақстан төрелік тиіс тізіліміндерін жүргізу, үлгілік регламентті төрешілерді даярлау,  бағдарламасын әдеп кодексін және мүдделер қақтығысын ашық көрсету стандарттарын бекіту. Сондай-ақ төрешілерді тағайындау және оларды істен шектету жөніндегі жекелеген рәсімдерге қатысу міндеттерін жүктеу көзделген.

Екінші бағыт – кәсіби талаптарды арттыру. Бұл төрешілердің білімі мен жұмыс өтілінеқойылатын талаптарды арнайы даярлық пен сертификаттауды, сондай-ақ олардың бейтараптығы немесе кәсіби біліктілігіне күмән туғызатын жағдайларды төрешіні істен шектетуге қосымша негізде белгілеуді қамтиды.

Үшінші бағыт – азаматтардың құқығын қорғау. Қосылу шарттары бойынша, сондай-ақ кәсіпкерлік субьектілермен жеке кәсіпкер емес жеке тұлғалар арасында шарттар бойынша төрелік келісім талап қоюға негіз болған жағдай туындағаннан кейін жасалғанда ғана жарамды деп тану ұсынылады.  Бұл азаматтардың дауды төрелікке беруге өз еркімен және саналы түрде келісуге берілетін кепілдіктерді күшейтуге мүмкіндік береді. Кәсіби талаптар мен жауапкершілікті артттыру төрелікке деген сенімді нығайтуға бағытталу керек. Бірақ шамадан тысқаржылық және әкімшілік кедергілер туғызбауы қажет.

Жиында сөз алған ҚР Әділет вице-министрі Даниель Ваисов төрелік жүйесін жетілдіру, төрешілердің біліктілігін арттыру және төрелік ұйымдардың ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

 «Біз төрешілердің бірыңғай тізілімін және тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің тізілімін құруды, төрешілердің біліктілігін растайтын сертификат беруді көздейтін даярлау бағдарламасын бекітуді ұсынамыз. Сонымен қатар тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің үлгілік регламентін, төрешілердің әдеп кодексін бекіту, олардың қызметіне жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша төрешілерді бірыңғай тізілімнен шығару жөнінде қорытындылар беру ұсынылады. Бұдан бөлек, тұрақты жұмыс істейтін төреліктердің есептік ақпаратын жинақтап, оны Төрелік палатасының интернет-ресурстарында жариялау көзделген», – деді Даниель Ваисов.

Ал заңгер және сарапшы Аржан Сәдуақас төрелік ұйымдардың қызметіндегі құқықтық олқылықтарға тоқталып, олардың мәртебесін анықтауда соттардың өзі де қиындықтарға тап болатынын айтты.

«Бұл мәселені зерделеу барысында тәжірибеде кездесетін бірқатар заңбұзушылықтарды анықтадым. Мәселен, кейбір жағдайларда тараптар ғана емес, соттардың өзі де төрелік ұйымдардың мәртебесіне қатысты шатасады. Айталық, елордада «Астана қаласының төрелік соты» деген ұйым бар. Бұл төрелік әлі күнге дейін жұмыс істеп, шешімдер қабылдап келеді. Аталған шешімдерге қатысты істер апелляциялық сатыға дейін жетеді. Алайда төрелік соттың шешімі апелляциялық сатыдағы соттың қарауына түскен кезде, судья мұндай төрелік ұйымның шын мәнінде бар-жоғын да білмеуі мүмкін», – дейді заңгер және сарапшы А. Сәдуақас.

Мағжан МОЛДАХМЕТ