Шымкентте көпқабатты үй өртеніп, бір адам қаза тапты (ВИДЕО)

Бүгін, 17:46 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Шымкентте бес қабатты тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан бір адам көз жұмды. Құтқарушылар ғимараттан 8 тұрғынды, оның ішінде бір баланы эвакуациялады. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні Терiскей шағынауданында болған. Тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен өрт шығып, тұрмыстық заттар жанған. Жалын шарпыған аумақ төрт шаршы метрді құрады.

Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер баспалдақ арқылы сегіз адамды қауіпсіз жерге шығарған. Алайда оқиға орнынан 1959 жылы туған ер адамның мәйіті табылған.

Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Осыған байланысты қажетті сараптамалар тағайындалған.

«Әл-Фараби ауданының төтенше жағдайлар басқармасы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркеді. Қылмыстық-процестік кодекс талаптарына сәйкес тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады департамент өкілдері.

Айта кетейік, аталған тұрғын үйде бұған дейін де қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. ТЖД мәліметінше, қазан айында газ-техникалық қызмет мамандарымен бірлесіп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері мен тілсіз жаудың алдын алу жолдары түсіндірілген.