Алматы көшелерінде цифрлық гидтер іске қосылды

Бүгін, 17:20 / Інжу Әлихан
Алматы әкімдігі

Алматыда қажетті орынды жылдам табуға, бағыт құруға және қалада өтіп жатқан іс-шаралар туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін 31 интерактивті Jerry смарт тақта орнатылды. Жобаны CITIX компаниясы Visit Almaty ұйымымен бірлесіп жүзеге асырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Смарт тақталар Терренкурда, Панфилов көшесінде, Республика сарайының маңында, 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта, метро бекеттерінің жанында және басқа да көпшілік жиі баратын орындарда орналастырылды. Олардың көмегімен дәмхананы, дәріхананы, музей мен аялдаманы табуға, ауа райы мен ауа сапасы туралы мәлімет алуға болады.

Туристер үшін дайын серуен бағыттары, қаланың көрікті жерлері, концерт пен көрме туралы ақпарат қолжетімді. Сондай-ақ қала тарихына арналған ерекше бөлім бар. Ондағы архивтік фотосуреттерден таныс көшелер мен ғимараттардың ондаған жыл бұрын қандай болғанын көруге болады.

Сервис қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Оны тіркелмей-ақ тегін пайдалануға болады. QR-код арқылы таңдалған бағытты телефонға көшіруге мүмкіндік бар. Жақын арада қалада тағы төрт смарт тақта орнатылады.