Астанада пәтерді жалға беремін деп 13 адамды алдаған әйел сотталды

Бүгін, 15:15 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Бұған дейін де сотталған және осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылған 37 жастағы елорда тұрғыны Қазақстанның әртүрлі қалаларында пәтер жалға беру туралы жалған хабарландыруларды танымал жарнама платформасына орналастырған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол өзін пәтердің иесі ретінде таныстырып, клиенттерді депозит немесе алдын ала төлем аударуға көндірген. Кейін түскен ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Қысқа уақыт ішінде оның алаяқтық әрекеттерінен 13 адам зардап шеккен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 2,1 млн теңгені құрады.

Сот үкімімен ол екі немесе одан да көп адамға қатысты бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 3) және 4) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны орындау 3 жылға кейінге қалдырылды.

Жәбірленушілердің келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талаптары толық көлемде қанағаттандырылды.

Прокуратура азаматтарды тұрғын үйді жалға алу кезінде сақ болуға шақырады.

Алаяқтыққа жол бермеу үшін пәтерге меншік құқығын растайтын құжаттарды тексеріп, жалға берушінің жеке басына көз жеткізу қажет. Құжаттар тексеріліп, жалдау шарты жасалғанға дейін алдын ала төлем немесе кепілақы аудармаңыз.

Есіңізде болсын: сақтық пен мұқияттылық қаражатыңызды алаяқтардан қорғауға көмектеседі.