Қазақстанда жол қызметтерінің қысқы маусымға дайындығы аяқталды. Республикалық маңызы бар автожолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұлттық компания басшысының айтуынша, жол қызметтері автомобиль жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстауға қажетті арнайы техникамен және материалдармен толық қамтамасыз етілген.
«Жол қызметтерінің қысқы кезеңге дайындығы аяқталды. Арнайы техниканың дайындығы 96 пайыздан асады. Жол қызметтері республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстауға қажетті техникамен қамтамасыз етілген», – деді Дархан Иманашев.
Атап айтқанда, қысқы жұмыстарды жүргізу үшін 843 әмбебап жол машинасы, 265 автогрейдер, 241 жүк тиегіш, 134 шнекороторлы қар тазалағыш, 390 трактор және басқа да арнайы техника қарастырылған.
Соңғы екі жылда жол қызметтерінің техникалық паркі 1966 жаңа техникамен толықты. Бұл автомобиль жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстау мүмкіндіктерін едәуір арттыруға мүмкіндік берді.
Қысқы күтімге қажетті материалдардың қоры да толық жасақталған. Атап айтқанда, 125,5 мың текше метр құм, 250,6 мың текше метр құм-қиыршық тас қоспасы, 99,8 мың тонна техникалық тұз және 18,5 мың тонна көмір дайындалған.
Автожолдарды қар құрсауынан қорғау
Қысқы маусымға дайындықтың негізгі бағыттарының бірі – республикалық маңызы бар жолдардағы қар құрсауы жиі болатын учаскелердің ұзындығын қысқарту.
2023–2026 жылдар аралығында мұндай учаскелердің жалпы ұзындығы 400 шақырымнан астам немесе 16 пайызға қысқарған. Бұрын 2,6 мың шақырым болса, қазір 2,2 мың шақырымды құрайды.
Сонымен қатар тұрақты темірбетонды қардан қорғау қоршауларының ұзындығы екі еседен астам ұлғайып, 403 шақырымнан 832 шақырымға жетті.
Бұдан бөлек, автожолдарды қар құрсауынан қорғау үшін жалпы ұзындығы 6063 шақырым болатын орман жолақтары мен 101 шақырымға созылатын уақытша қардан қорғайтын қалқандар пайдаланылады.