Қазақ тілі орфографиясын жедел түрде ретке келтіруіміз керек – Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгін, 12:16 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында  қазақ тілі орфографиясын ретке келтіру жұмысын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Әрине, бұл – қазақ ғылымының, яғни ғалымдардың әлеуеті мықты болуы қажет деген сөз. Ғылым дамыса, қазақ тілі де ғылым мен өндірістің тілі болмақ.

Тарихи деректер мен мысалдар жеткілікті, мәселен – парсы, француз тілдерінің тарихы, ал қазіргі дәуірде ағылшын тілі бірінші қатарға шықты. Бұл тұста жоғары оқу орындарының рөлі аса маңызды. Университеттер қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу еңбектеріне айрықша назар аударуы қажет. Осы жерде тағы бір өзекті мәселеге тоқталып өткен жөн деп санаймын. Бұл – тілдегі бірізділік мәселесі. Өкінішке қарай, қазір қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті, түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл – жылы жауып қоя салатын жеңіл-желпі дүние емес. Себебі мұндай жағдай жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн.

Жалпы, осы мәселеге кең ауқымда қараған дұрыс. Ең алдымен, емле мен ережені түгендеп, жүйелеу керек. Бұған қоса, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді.

Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен ресми түрде бекітілген Қазақ тілінің орфография сөздігі Кеңес заманында, яғни 1983 жылы шыққан. Әрине, одан кейін де бірнеше сөздік жарық көрді. Алайда олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген, заңды күші жоқ.

Кейбір көрші мемлекеттерде мұндай ғылыми еңбектер бес жыл сайын жаңартылып отырады. Сондықтан біз де қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет», – деді Мемлекет басшысы.