Елімізде өрт профилактикасының «Тұмар 112» цифрлық жүйесі енгізілмек – министр

Бүгін, 10:18 / Інжу Әлихан
Үкімет

Тұрғын үй секторындағы өрт оқиғаларының профилактикасы цифрлық форматқа көшуде. Профилактиканың тиімділігін арттыру үшін «Тұмар 112» цифрлық қосымшасы әзірленуде, ол ереже бұзу деректерін тіркеуге, үйлерді аралаудың электрондық есебін жүргізуге және неғұрлым осал үйлерді анықтауға мүмкіндік береді. Қазір жоба Абай облысында сынақтан өтуде. Бұл туралы Үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қосымша тұрғын үй секторын аралаудың электрондық есебін жүргізуге, фотофиксациямен және геолокациямен өрт тәуекелдерін тіркеуге, сондай-ақ Бірыңғай дерекқорды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Болашақта жинақталған ақпарат өрт қаупіне неғұрлым осал үйлерді анықтауға, анықталған бұзушылықтардың жойылуын қадағалауға және өрт туралы хабарламалар түскен кезде жедел шешімдер қабылдау үшін кезекші қызметтерді өзекті мәліметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов.

Осылайша, профилактика мен жедел ден қоюды біріктіретін Бірыңғай цифрлық жүйе құрылады. Қазір жоба Абай облысында пилоттық режимде іске қосылды. Сынақ нәтижелері бойынша оны одан ары өңірлерде енгізу жоспарлануда.

Тэгтер:

Тұмар 112