Абай облысында тереңдігі 15 метр карьерде заңсыз алтын өндіргендер ұсталды

Бүгін, 09:39 / Інжу Әлихан
ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігі Абай облысында прокуратураның үйлестіруімен Жарма ауданында алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырған адамдар тобының әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыстық топ Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде тиісті рұқсатсыз алтын өндірген. Құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен қазып алып, арнайы жабдықтардың көмегімен шайып отырған.

Аумақты тексеру кезінде тереңдігі 15 метрлік карьер анықталды.

Заңсыз қазып алынған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан. Сондай-ақ 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген.

Жедел іздестіру шаралары барысында бұл іске қатысы бар тоғыз адам анықталды.

Заңсыз кен өндірілген жерден кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар жеті қап материал, екі металл іздегіш құрал, екі тиегіш және бір экскаватор тәркіленді.

Тергеу жалғасып жатыр.