Ата-анасы тым қатал бала агрессияға бейім болады – зерттеу

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

Ата-анасы жиі жазалап, қатаң талап қойып, мейірім бермейтін отбасыларда өскен жасөспірімдер ережені бұзу мен агрессияны ақтауға бейім болуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай тәрбие жасөспірімдердің мазасыздығы мен депрессиялық белгілерінің күшеюімен байланысты екені анықталды. Зерттеу нәтижелері Journal of Research on Adolescence ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

АҚШ-тағы Сиракуз университетінің ғалымдары 491 жасөспірім мен олардың ата-аналарының мәліметін талдаған. Қатысушылардың орташа жасы 15-те болған. Зерттеушілер шамамен бір жарым жыл бойы олардың мінез-құлқы, эмоциялық жағдайы және отбасындағы тәрбие ерекшеліктері арасындағы байланысты бақылаған.

Ғалымдар әсіресе авторитарлық тәрбие тәсіліне назар аударған. Мұндай отбасыларда ата-аналар балаларынан сөзсіз бағынуды талап етіп, олардың пікіріне сирек құлақ асады. Ережелерді түсіндірудің орнына жазалау, қорқыту немесе дауыс көтеру жиі қолданылуы мүмкін. Ал баланың эмоциялық қажеттіліктеріне жеткілікті көңіл бөлінбейді.

Зерттеу барысында ата-аналардан балаларына қаншалықты жиі дауыс көтеретіні, жазалайтыны және түсіндірусіз қатаң талап қоятыны сұралған. Ал жасөспірімдер өздерінің көңіл күйі, мазасыздығы, депрессиялық белгілері және қоғамдағы мінез-құлық ережелеріне көзқарасы туралы сауалдарға жауап берген.

Нәтижесінде авторитарлық тәрбие басым отбасыларда өскен жасөспірімдердің агрессия мен ереже бұзуды ақтайтын пікірлерді көбірек қолдайтыны анықталған.

Мәселен, олар сабақтан себепсіз қалуды аса маңызды мәселе деп санамауы немесе құрдастарына күш көрсетуді белгілі бір жағдайда орынды деп қабылдауы мүмкін.

Ғалымдардың түсіндіруінше, мұндай көзқарастар жасөспірімнің нақты тәртіп бұзғанын білдірмейді. Алайда адамның агрессияны қаншалықты қалыпты құбылыс деп қабылдайтыны оның болашақтағы мінез-құлқына ықпал етуі мүмкін.

Зерттеушілер қатал тәрбие мен психикалық денсаулық арасындағы байланысты да қарастырған. Алғашқы бақылауларда ата-ананың авторитарлық мінез-құлқы жасөспірімдердің мазасыздық және депрессия деңгейінің өзгеруімен айқын байланыс көрсетпеген.

Алайда шамамен 18 ай өткен соң қатал тәрбие жағдайында өскен жасөспірімдердің кейбірінде мазасыздық пен депрессиялық белгілер өздерінің әдеттегі деңгейінен жоғарылағаны байқалған.

Зерттеу авторларының бірі Усиригенің айтуынша, ғалымдар баланың агрессиялық әрекеттерін ғана емес, мұндай әрекеттерге негіз болатын ойлау жүйесін де түсінуге тырысқан.

Өйткені қоғамға қарсы мінез-құлықтың алдын алу үшін жасөспірімнің белгілі бір әрекетті неге дұрыс немесе орынды деп санайтынын түсіну маңызды.

Ғалымдардың болжамынша, отбасындағы тұрақты қысым мен жазалау баланың эмоцияларын басқару қабілетіне әсер етуі мүмкін. Ал талаптар үнемі күш көрсету немесе қорқыту арқылы орындалса, жасөспірім өзгелермен қарым-қатынаста да осындай тәсілдерді қалыпты деп қабылдауы ықтимал.

Бір қызығы, зерттеушілер ұлдар мен қыздар арасында айтарлықтай айырмашылық анықтамаған. Авторитарлық тәрбиенің жасөспірімдердің көзқарасымен және эмоциялық жағдайымен байланысы екі топта да ұқсас болған.

Дегенмен ғалымдар қатал тәрбие баланың агрессивті болуына немесе депрессияға ұшырауына тікелей себеп болады деп айтуға әлі ерте екенін ескертеді. Зерттеу тек осы құбылыстардың арасындағы байланысты анықтаған. Оған баланың темпераменті, отбасындағы жағдай және басқа да факторлар әсер етуі мүмкін.

Сондай-ақ авторитарлық тәрбиені ата-ананың балаға шектеу қойып, тәртіп талап етуімен шатастырмау керек. Ғалымдар мәселенің ереженің болуында емес, оны қорқыту, жазалау және эмоциялық қолдаудың жеткіліксіздігі арқылы орындатуда екенін атап өтеді.

Зерттеушілердің пікірінше, жасөспірімдердің психикалық саулығын қорғау және агрессиялық мінез-құлықтың алдын алу үшін отбасындағы қарым-қатынасқа ерте назар аудару маңызды. Баланың пікірін тыңдау, талаптардың себебін түсіндіру және эмоциялық қолдау көрсету оның қоғаммен дұрыс қарым-қатынас қалыптастыруына көмектесуі мүмкін.

Тэгтер:

Бала ата-ана тәрбие қатал агрессия