Қытай ғалымдары тіс тазалау кезінде өздігінен электр зарядын өндіретін ерекше тіс щеткасын ойлап тапты. Ол тістегі қақты тазалап қана қоймай, ауыз қуысындағы зиянды бактериялардың көбеюіне де кедергі келтіреді. Жаңа құрылғы адамдарға сынақтан өткізіліп, алғашқы нәтижелері ғылыми журналда жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz. Зерттеу нәтижелері Science Advances ғылыми журналында жарияланды.
Бейжің университетінің зерттеушілері жасаған тіс щеткасының басты ерекшелігі – оның жұмыс істеуі үшін батарея немесе сыртқы қуат көзі қажет емес. Электр заряды тіс тазалау кезінде қылшықтардың иілуінен пайда болады.
Ғалымдар әдеттегі нейлон қылшықтардың орнына поливинилиденфторид (PVDF) деп аталатын арнайы материалды пайдаланған. Бұл материалдың пьезоэлектрлік қасиеті бар, яғни механикалық әсерден деформацияланған кезде электр заряды пайда болады. Тіс тазалау барысында қылшықтар иіліп, қайта қалпына келген сайын әлсіз электр заряды түзіледі. Ол ауыз қуысындағы сұйықтықпен әрекеттесіп, бактериялардың жасушалық қабықшасын зақымдай алатын белсенді оттегі қосылыстарының пайда болуына ықпал етеді. Осылайша щетка тіс бетін механикалық жолмен тазалап қана қоймай, бактериялардың тіс бетіне қайта жабысуын да азайтуға көмектеседі.
Жаңа технологияның тиімділігін тексеру үшін зерттеушілер үш айлық клиникалық сынақ жүргізген. Оған қызыл иек қабынуы немесе тісжегі белгілері бар 115 ересек адам тіркелген. Қатысушылар төрт топқа бөлінген. Екі топ жаңа тіс щеткасын пайдаланса, қалғандары кәдімгі нейлон қылшықты щеткамен тістерін тазалаған. Барлығы күніне екі рет құрамында фтор жоқ тіс пастасын қолданған. Үш айдан кейін жаңа щетканы пайдаланған адамдарда тіс қағының мөлшері шамамен 40%-ға азайған. Ал кәдімгі щетка қолданғандарда бұл көрсеткіш шамамен 15%-ға жеткен.
Сонымен қатар жаңа щетканы қолданған қатысушыларда қызыл иектің қабынуы мен қанауы азайған. Зертханалық талдаулар ауыз қуысының кейбір ауруларымен байланысты бактериялардың үлесі де төмендегенін көрсеткен. Ғалымдардың айтуынша, бұл технологияның болашақта тісжегі мен қызыл иек ауруларының алдын алуға көмектесетін құралға айналу мүмкіндігі бар.
Дегенмен зерттеу нәтижелері әлі алдын ала сипатта. Үш айлық сынақ тіс щеткасының ұзақ мерзімді қауіпсіздігін немесе тісжегінің алдын алатынын толық дәлелдемейді. Сондай-ақ оның бактерияларға қарсы әсері мен қылшықтарының механикалық қасиеттері клиникалық нәтижеге қаншалықты жеке үлес қосқанын анықтау қажет.
Зерттеушілер жаңа щетканың тиімділігін ауқымды әрі ұзақ мерзімді сынақтарда тексеруді жоспарлап отыр.