Алматыда көлік салонын баласы абайсызда былғап алған әйелге дөрекілік көрсеткен такси жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 53 жастағы ер адам жеті тәулікке қамалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға такси қызметін пайдаланып келе жатқан әйел мен жүргізуші арасында болған. Әйел адам кішкентай баласымен бірге көлікте отырған. Сапар барысында бүлдіршін абайсызда автокөлік салонын былғап алған.
Бұған ашуланған 53 жастағы жүргізуші жолаушыға дауыс көтеріп, балағат сөздер айта бастаған. Тіпті көлік тоқтағаннан кейін де ер адам сабасына түспей, сыртқа шығып, әйелге тіл тигізуін жалғастырған.
Жолаушы болған жағдайды ұялы телефонына бейнежазбаға түсіріп, полицияға шағымданған. Аталған оқиғаға байланысты тәртіп сақшылары тексеру жүргізіп, такси жүргізушісінің әрекетіне құқықтық баға берген. Жиналған материалдар сотқа жолданып, істі қарау нәтижесінде ер адам кінәлі деп танылған. Сот шешімімен 53 жастағы жүргізуші жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды.