Ақмола облысында полицейлер 2014 жылы жасалған ірі көлемдегі ұрлықтың бетін ашты. Арада 12 жыл өткенде бір миллион теңгені қолды етті деген күдікті анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2014 жылдың шілде айында Атбасар қаласында болған.
Белгісіз адам жергілікті тұрғындардың бірінің үйіне ашық тұрған желдеткіш терезе арқылы кіріп, үй ішінен бір миллион теңге ұрлап кеткен.
Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция қызметкерлері күдіктіні іздеуге кіріскен. Алайда сол уақытта қылмысқа қатысы бар адамды анықтау мүмкін болмаған.
"Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Алайда қылмысқа қатысы бар адамды бірден анықтау мүмкін болмады. Соған қарамастан, ұрлықты ашу жұмыстары тоқтаған жоқ. Полицейлер оқиғаның мән-жайын зерттеп, түрлі болжамдарды тексеруді жалғастырды", – деп хабарлады департамент.
Қылмыс жасалғаннан кейін арада 12 жыл өткенде, 2026 жылдың қазан айында жедел уәкілдер күдіктінің жеке басын анықтаған. Ол Степногорск қаласының 35 жастағы тумасы болып шықты.
Полиция мәліметінше, күдікті жауап алу барысында 2014 жылы Атбасар қаласында болғанын айтып, сол күні терезесі ашық тұрған тұрғын үйді байқағанын жеткізген. Осыдан кейін үйге кіріп, ішіндегі ақшаны ұрлап кеткенін мойындаған.