Израильден АҚШ-қа ұшып шыққан United Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы діттеген жеріне жете алмады. Ұшу кезінде салоннан белгісіз иіс сезіліп, экипаж Грекия астанасы Афиныға шұғыл қону туралы шешім қабылдаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға дүйсенбі күні таңертең болған. UA168 рейсі Тель-Авив қаласының маңындағы Бен-Гурион халықаралық әуежайынан ұшып шығып, АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Ньюарк Либерти халықаралық әуежайына бағыт алған. Алайда ұшу барысында жолаушылар салонында жағымсыз иіс пайда болған. Экипаж ықтимал қауіптің алдын алу мақсатында бағытты өзгертіп, жақын маңдағы әуежайлардың біріне қонуға шешім қабылдаған.
FlightRadar24 сервисінің мәліметінше, ұшақ әуеде бағытын өзгертіп, Грекия астанасындағы халықаралық әуежайға бет алған. Лайнер Афиныға сәтті қонған.
Белгілі болғандай, ұшақ бортында 230 жолаушы мен 13 экипаж мүшесі, барлығы 243 адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген. Сондай-ақ қонғаннан кейін жолаушылардың медициналық көмекке жүгінгені туралы ақпарат түспеген.
Әуе компаниясы не дейді?
United Airlines өкілдері Mirror басылымына берген түсініктемесінде ұшақтың жоспардан тыс қонғанын растады.
"Тель-Авивтен Ньюаркқа ұшқан UA 168 рейсі салондағы иісті жою мақсатында Афиныға мәжбүрлі түрде, бірақ аман-есен қонды. Жолаушылар ұшақтан әдеттегі режимде шықты, оларды Ньюаркқа басқа ұшақпен жеткізуді ұйымдастырамыз", – деп хабарлады әуекомпания.
Компания жолаушылардың АҚШ-қа сапарын жалғастыруы үшін басқа әуе кемесін ұйымдастыратынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта ұшақ салонында жағымсыз иістің неден пайда болғаны белгісіз. Оның нақты себебі туралы қосымша мәлімет жарияланған жоқ.