Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Салтанатты жиында Президент спортшылардың жеңісі жылдар бойғы дайындық пен үздіксіз еңбектің нәтижесі екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
– Еліміз үшін әр медальдің орны бөлек, құндылығы жоғары. Мен осы жерде отырған спортшыларға алғыс айтамын. Чемпион болу спортшыға зор жауапкершілік жүктейді. Жеңіс тұғырына шыққан әр спортшының жолы – кәсіби спортқа бет бұрған жастар үшін үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Жалпы, спорт дегеніміз – халықтың сана-сезіміне ықпал ететін, кез келген адамның ойын да, бойын да түзейтін өте мықты күш. Бұл – өмірдің ақиқаты. Спорт өскелең ұрпақты әдептілікке, тазалыққа, адалдыққа, ұқыптылыққа баулиды. Жастарымыз жігерлі, ұлтымыз рухты болса, мемлекетіміз де қуатты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қоғам болып орнықтырып жатқан жаңа этиканы, ең алдымен, ел алдында жүрген азаматтар, соның ішінде спортшылар дәріптеуге тиіс екенін айтты.
– Сіздер бұл маңызды миссияны абыроймен орындап келесіздер. Бүгінде қазақ спортының мәртебесі биік, әлеуеті мол. Сондықтан біз бұдан да жоғары көрсеткіштерге ұмтылуымыз керек. Алда төрт жылдық кезеңнің бас додасы – Лос-Анджелес Олимпиадасы келе жатыр. Жаһандық жарысқа спортшылармен қатар, тиісті министрлік пен федерациялар қазірден бастап тыңғылықты және белсенді дайындалуы керек, – деді Президент.