Алматыда оқушылар жаппай уланған мектептің директоры ауысты

Бүгін, 12:55 / Алуа Арман

Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) Алматы филиалына жаңа директор тағайындалды. Бұл қызметке Алмаз Күнғожин келді, деп хабарлайды turkystan.kz.

РФММ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұрынғы директор Мейірбек Мейірлан Едігерұлы қызметінен кеткен.

Алмаз Күнғожин – «Математика» мамандығы бойынша PhD докторы, сондай-ақ РФММ түлегі. Ол 2018–2023 жылдары мектептің Алматы филиалын басқарған.

Әр жылдары Күнғожин РФММ-де мұғалім, математика пәні бойынша олимпиадаларға дайындайтын жаттықтырушы және бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап «РФММ» КЕАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымында болған.

Еске салайық, 14 қазанда Алматыдағы РФММ-нің 50-ге жуық оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды. Оқиғадан кейін мектеп сабақтарды уақытша онлайн форматқа ауыстырды. Интернат пен ас блогының жұмысы тоқтатылды. Ал санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ғимараттарды тексеріп, зертханалық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алды.

 

Тэгтер:

мектеп улану оқушы Алматы директор РФММ