Семейде бұрынғы әйелінің қыр соңынан қалмай қойған азамат жауапқа тартылды

Бүгін, 11:57 / Алуа Арман
polisia.kz

Семей қаласының 46 жастағы тұрғыны бұрынғы әйелін жүйелі түрде қудалағаны үшін қоғамдық жұмыстарға тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ажырасқаннан кейін әйел онымен араласқысы келмегеніне қарамастан, бұрынғы күйеуі оған көптеген дауыстық және мәтіндік хабарламалар жіберуді жалғастырған. Сонымен қатар мас күйінде оның үйіне де барған. Бұрынғы күйеуінің жүйелі түрде мазалауы әйелдің бойында қорқыныш пен қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызған. Соның салдарынан ол күнделікті өмір салтын өзгертіп, жүріп-тұруын шектеуге мәжбүр болған.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Жазасын өтеу үшін ол Семей қаласы Затон аудандық пробация қызметіне есепке қойылды. Онымен қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі уақытта ер адам қалалық жылу электр орталығына жұмысшы болып орналасқан. Бүгінгі күнге дейін сот тағайындаған қоғамдық жұмыстардың 10 сағаттан астамын өтеген.

 - Әйелім екеуміз тоғыз жыл бұрын шаңырақ көтердік, екі кәмелетке толмаған баламыз бар. Әйелім менен кететінін бірнеше рет айтқанымен, мен оның сөздеріне шындап мән бермедім. Ажырасқаннан кейін әйелім мен балаларымның қадірін түсініп, отбасымды қайта қосқым келді. Қазір өз қателігімді түсіндім, әрекеттеріммен жағдайды одан әрі ушықтырғанымды ұғындым. Қоғамдық жұмысқа тартылғаннан кейін өмірге деген көзқарасымды өзгертіп, зиянды әдеттерден бас тарттым. Белгіленген сағаттарды адал өтеп, дұрыс қорытынды шығарып, мұндай әрекеттерді енді ешқашан қайталамауға ниеттімін, — деді сотталған азамат.

- Біз сотталғандармен жеке әңгімелесулер өткізіп, құқыққа қайшы әрекеттердің салдарын түсіндіреміз және жұмысқа орналасу мәселелерін шешуге көмектесеміз. Ең бастысы — адамның өз қателігін түсініп, дұрыс қорытынды жасауы және заңды қайта бұзбауы. Қоғамдық жұмыстар — тек жаза ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайда келтіріп, өз мінез-құлқын өзгертуге және өмірді жаңадан бастауға берілген мүмкіндік, - деді Семей қаласы Затон аудандық пробация қызметінің бастығы Ерик Усербаев.

Тэгтер:

Семей Әйел Ажырасу неке Күйеу сталкинг